Австрияда толассыз жаңбыр жауып жатыр. Осыған байланысты ел астанасымен шектесетін аймақтардың бірі Төменгі Австрия апат аймағы деп жарияланды. Вена өзенінің тасуына байланысты аудандағы кейбір үйлерге тек қайықпен жетуге болады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар ауданда жарық жоқ. Бірнеше адам эвакуацияланды. Қоғамдық көліктер де үзіліспен жұмыс істеп тұр. Бұл туралы 24.kz. хабарлайды.
Австрияда соңғы үш тәулік бойы толассыз жаңбыр жауып тұр. Соның салдарынан тек таулы аймақтарда ғана емес, елдің астанасында да жерасты суының деңгейі көтерілген.
Осыған байланысты Вена метросының төрт желісі үлкен іркіліспен жұмыс істеп тұр, қала маңындағы автожол мен теміржол қатынасы тоқтады. Өкінішке орай, табиғи апаттан бір адам қаза тапты. Ол - Төменгі Австрия федералды жерінің өрт сөндірушісі. Австрия астанасына іргелес жатқан осы аймақты билік апат аймағы деп жариялады.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Австрия канцлері Карл Нехаммер қыркүйек айының соңында өтетін парламенттік сайлау қарсаңында өзінің сайлау науқанын тоқтатқанын мәлімдеді. Су тасқынымен күресуге 2,5 мыңға жуық әскери қызметкер мен құтқарушы жіберілді. Олар құмнан қоршаулар мен бөгеттер, сондай-ақ уақытша баспаналар салуда. Вена өзенінің тасуы салдарынан Австрия астанасының шетіндегі кейбір үйлер су астында қалды.
Изабелла Шифтер, төменгі Австрия тұрғыны: - Дәл қазір құтқарушылар өзендегі судың көтерілуіне байланысты бізге барлығын түсіндіріп берді. Судан енді үйімізге қауіп жоқ. Соған қуандым. Бірақ жер асты суларының деңгейі әлі де проблема болып тұр, оған қоса үйімізде жарық та жоқ.
Венада бүгін де таңнан бері жаңбыр құйып тұр. Синоптиктер сәрсенбіге дейін еш өзгеріс болмайды және нөсер жауын әлі де жауады деп болжайды. Билік қала тұрғындарын, мүмкіндігінше, үйден шықпауға шақырады. Студенттер мен оқушыларға сабақтың тоқтатылуы, сондай-ақ жұмыс орнына жете алмайтын мекеме қызметкерлерінің жұмысын уақытша тоқтатуға негіз бар, - деп мәлімдеді Австрияның федералды қызметтері.