Қызылжарда тұрғын үйлердің алты пайызы ғана жылу маусымына дайын. Қалғандарында әлі күнге дейін әзірлік паспорты жоқ. Облыс орталығында қазір мыңнан астам көпқабатты баспана бар. Шенеуніктердің айтуынша, оның басым бөлігі құбырларды жуып-шаю процесін өткізген. Алайда, жауапты кәсіпорын барлығына бірдей құжатты беріп үлгермепті. Айта кету керек, синоптиктер қыркүйектің аяқ кезінде теріскейде күннің күрт суытатынын болжап отыр. Демек, жылыту маусымы бірер аптада басталуы мүмкін.
Әсем АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қала бойынша 1170 тұрғын үй бар. Соның 999-нда опрессовка жұмыстары жасалған болатын. Барлық актілер дайындалып, паспорт алу үшін ПТС-ке жіберілді. Бүгінгі таңда әлгі 60тан астам үйдің паспорты дайын. Қалғандары тексеріліп жатыр.
Ал қалалық жылумен қамту кәсіпорны қыс мезгіліне сақадай сай екенін хабарлады. Айтуларынша, биыл жылу орталығында 12 қазандық ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткізіліп, дайын тұр. Бұдан бөлек бір жылу қазандығы турбоагрегат күрделі жаңғырту жұмыстарынан өтіп жатыр. Биылғы қысты аталған кәсіпорын екі мұржамен өткізбек. Ал үшінші мұнараның бүгінде 84 метрі көтерілген. 180 метрлік нысанды мердігерлер қараша айына дейін салып бітіруді жоспарлап отыр. Алайда, қолданысқа тек келесі жылы ғана берілмек.
Петр БОГДАНОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жылу орталығында жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымы кезінде 5 қазандық пен турбоқондырғы іске қосылады. Бүгінде олардың барлығы дайын. Қазір қоймада көмірдің 142 мың тоннасы және мазуттың 742 тоннасы бар. Оның қоры әрдайым толығып отырады.