Күннің
күрт жылынуы Қызылжар тұрғындарын әбігерге салды. Қаланың шеткері аумағында
тұратындар белуардан балшыққа батып, сумен алысып әлек. Тасқыннан жеке сектор
ғана емес, екі қабатты ескі үйлер де зардап шегуде.
Копай
ауданында су сорғыш техника таңнан бері тынымсыз жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың
айтуынша, еріген қар суы алдымен аулалар
мен жертөлелерге, кейін үйдің ішіне енген. Людмила Перепелкина мұндай көл көсір
суды алғаш рет көріп тұрғанын айтады. Оның ауласы әрқашан құрғақ болған.
Алайда, биылғы көктемде күн сайын әр бөлмеден шелектеп су тасуға мәжбүр.
Людмила Перепелкина, Петропавл қаласының тұрғыны:
Тұрғын
үй коммуналды шаруашылығы басқармасына барып, қарды тазалап берулерін сұрадым.
Олар үлгереміз деп еді. Бірақ, бұл шаруа Копайға жетпей қалған сияқты.
Дәл осындай жағдай Набережная шағын ауданы тұрғындарының басына түскен. Олардың сөзінше, үй астындағы су қысы-жазы құрғамайды. Екі қабатты баспаналар апатты деп танылған. Көшетін жері болмағандықтан, бұқара қауіпті үйлерде амалсыз жан бағуда. Жергілікті биліктің ақпарынша, тасқынмен күресуге 40 млн теңге бөлінген. Көктем басталғалы тұрғындардан 900-ден астам өтініш түскен.
Павел Булаев, Петропавл қаласы «Тазартқыш, су бұрғыш және су өткізу нысандары» МКК басшысы:
Биылғы жылы тасқынның алдын алу жұмыстары ертерек басталды. Су мен кәріз құбырларының 44 шақырымы тазартылды. Бұл жұмысқа Екатеринбург қаласынан техника тартылған. Күніне шамамен 50 ге тарта өтініш келіп түсуде.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ