Русский Сайттың толық нұсқасы

Талдықорғандық студенттің жұмбақ өлімінің сыры жеті ай өтсе де әлі ашылмады

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2024
  • 308

Жетісу облысында жатақханада жұмбақ жағдайда қайтыс болған студент қыздың туыстары тергеудің созылып кеткеніне наразы, деп хабарлайды KAZINFORM.

16 жастағы Зарина Берікова 28 ақпан күні Талдықорған қаласындағы «Жігер» жатақханасында аяқасты қайтыс болған. Содан бері 7 ай өтсе де, қылмыстық іс әлі сотқа жетпеген.

Ескелді ауданының тұрғыны Зарина Берікова 9-сыныптан кейін Талдықорған қаласындағы инновациялық колледжге түседі. Мұғалім болуды армандаған бойжеткен небары 6 ай ғана оқып, белгісіз жағдайда көз жұмған.

«Міне 7 ай болды, маған әлі жұмбақ неден қайтыс болғаны. Бір ақиқаты болу керек қой. Осы уақытқа дейін бір шеті шығу керек еді, іс тергеліп жатыр дейді неше айдың жүзі болды. Есіктерін қағып барамыз, ешқандай әлі ақиқат жоқ», - дейді Заринаның анасы Жазира Тоғасбаева.

Анасының айтуынша, Зарина жатақханада коменданттың бөлмесінде көз жұмған. Ал онда не болғаны әзірге беймәлім. Білім ордасындағылар аяқасты талып қалды дегенді айтқан. Бірақ туыстары Заринаның ешбір сырқаты жоқ екенін, тіпті уайымы да болмағанын айтады. Олар бейнекамерадан бойжеткеннің сол бөлмеге өз аяғымен кіріп, кері шықпағанын жеткізді.

«Бала өз аяғымен 20:04- те ол бөлмеге кіріп тұр негізі. Сол аралықта екі жедел жәрдем келген. Қызымызға ешқандай алғашқы көмек көрсетілмеген. Бірінші экспертизада ношпадан уланған деп көрсетіп берді. Оған біздің күмәніміз бар. Егер көп мөлшерде ішетін болса асқазанынан табылуы керек еді. Жуындыруға өзім кірдім. Сол кезде байқадым оң жақ көзі және астыңғы ерні ішінен жырылып, көгеріп қалған. Оны бірінші экспертизада да көрсетіп берген бізге. Қатты заттан пайда болған травма деп. Оны бірінші экспертизада да көрсетіп берген», - дейді туысы Айым Жиынбек.

Сондай-ақ марқұмның туыстары тергеудің әділ өтіп жатқанына күмәнмен қарайды. Олардың сөзінше, бастапқы істе тіркелген жатақханадағы бейнежазба бүгінде жоқ. Қыздың телефонындағы смс-хаттар өшірілген. Зарина Берікованың туыстары қайта медициналық сараптама тағайындап, сол күні қыздың жанында болған адамдарды тергеуді сұрайды.