Германиямен кең ауқымды серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық саналады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия - Германия» форматындағы жиында айтты.
Бүгін «Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталады. Қасым-Жомарт Тоқаев кіріспе сөзінде осылай деді. Ол алдымен бүгінгі отырыс жаңа деңгейде өтетініне сенім білдірді. Содан соң, бірден ортақ ұсыныстарға тоқталды. Президент бірінші Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын екенін айтты. Осы арқылы сауда-саттықты ұлғайтпақ. Бұдан өзге, энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Айтпақшы, Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға да әзір.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз.
Қазақстан Германия компанияларын сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында литийді игеру және өңдеу бойынша неміс инвесторына барынша жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді. Жоба құны 500 миллион доллардан асады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз еліміздің аумағында бағалы және түсті металдардың кен орнын барлап, игеру үшін германиялық инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Еуропалық серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстанның Технологиялық болжау орталығы базасынан Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құрған жөн деп санаймыз.
Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесіне де баса назар аударылды. Себебі Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау басты міндет. Сондықтан Қазақстан «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Президент «жасыл» энергияға көшу және су ресурстарын сақтау мәселелеріне де тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан қазір Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады.
Күн тәртібінен халықаралық қауіпсіздік мәселесі де шет қалмады. Осы ретте Президент БҰҰ-ның қызметіне қолдау білдіруге шақырды. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық деп пікір білдірді. Кездесу соңында Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.