Қыста үйіміз қақап кетеді, терезеден жел улеп тұр. Ал шатырымыз шұрық-тесік. Бұл Ақтөбедегі Есет батыр шағын ауданы тұрғындарының жанайқайы. Бір жарым жыл бұрын ғана қоныс тойын тойлаған. бірақ әлі күнге дейін жарықтың ақысын төлей алмай отыр. Өйткені жауапты мекеме тұрғын үйді балансқа алмаған. Тұрғындардың мәселесін Бақыт Қазанғапқызы тыңдады.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Үй былтыр сәуір айында қолданысқа берілген. Сол сәтте 24 отбасы көптен күткен баспанасын алып қуанды. Алайда, қуаныш ұзаққа созылмапты. Тұрғын үйдің шатыры шұрық-тесік, терезелері жұқа, ал жертөле көктем болса суға толатын көрінеді.
Клара Есжанова жолдасымен бұл үйден «Бақытты отбасы» бағдарламасымен бір бөлмелі пәтер алған. Ай сайын несие төлеп отыр. Айтуынша, көктем болса төбеден су сорғалап, қыстай пәтер қақап тұрған. Кішкентай баласы бар отбасылар қыстай үйінен безіп, басқа жерден пәтер жалдап тұрыпты.
КЛАРА ЕСЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бізде үлкен сұрақ мына үйді қалай подрядчик тапсырды, қалай заказчик қабылдап алды. Қыстай стадать еттік. Отопление болған жоқ. Теплообменник дұрыс емес. Насостары потопта жанып кетті. Балансқа алсын. Бір комиссия өткізсін. Мына үйді бізге дұрыстап берсін.
Бұл тұрғын үйдің дені мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы аналар, зейнеткерлерге берілген. Бір жарым жылдан бері үйді жарық беруші мекеме балансқа алмаған. Сондықтанда ақысын төлей алмай отыр.
КҮНІМХАН СПАНДИЯРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Свет ақшасы төленбей тұр. Ол ақшаны өздерін төлейсіңдер дейді. Бір жылға ақша ол қаншаға шығады. Бір айына 150 мың теңге ипотека төлейміз. Ертең пәлен төле десе, мен төлей алмаймын. Қайдан төлеймін. Менің пенсиям тек 84 ақ мың. Мүгедек баласы бар анаға, көп баласы бар анаға ипотекаға бергеннен кейін дұрыс үйден неге бермеген деген ренішіміз бар.
Әкімдіктегілер мәселеден хабардар. Тұрғын үй үш жыл бұрын салынғандықтан кепілдік мерзімі өтіп кетіпті. Ал, электр қуатын есептегіш құралдары заман талабына сай еместігін мойындап отыр.
БАУЫРЖАН ЖАНТУРИН, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл үй баланста тұр. Жарық беріліп тұр. Тек бұл жерде Пәтер иелері кооперативі мен «Энергосистема» арасындағы мәселе шешілуі тиіс. Біз өз тарапымыздан барлық жұмысты атқардық. Бүгінгі күні «Энергосистема» мекемесі ПИК орындалуы тиіс талаптарын айтып хат жолдаған. Соны ретке келтіру керек.
Жарыққа қатысты кемшілік көп. Тіпті техникалық құжаттары да жоқ көрінеді. Ретке келтіріп, жаңа есептегіш құралын орнатпаса коммуналдық мекеме тұрғын үйге жарық беруді де тоқтатпақ.