Русский Сайттың толық нұсқасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланды

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2017
  • 6753

Таяу онжылдықта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан үзінді.  Білім саласына қаржы жұмсауда дамыған мемлекеттермен иық түйістіріп келеміз, жастардың сапалы білім алғаны маңызды.

Осы орайда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуразия Ұлттық университетінің түлектерімен кездесіп, аталмыш мақаланы кеңінен талқылады.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары көзі ашық, көкірегі ояу қырағы жастарға Президенттің жаңа ғылыми еңбегін мұқият зерттеп шығуға кеңес берді. Себебі бұл мақалада қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары көрініс тапқан, дейді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед,«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл мақала ғана емес, бұл мазмұны терең, ауқымы өте кең ұлт руханиятын ХХI ғасырдың биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат. Елбасының жүрегінен шыққан ең асыл сөздер тәуелсіз Қазақстанның жастары сіздерге арналады.

Ғылыми еңбекте жас мемлекетіміздің қалыптасуы үшін басты критерийлер айқын жазылғанын тарихшылар да айтып отыр. Ұлтжандылыққа көңіл бөлмеген елдің ұзақ ғұмыр кешпейтіні хақ. Елбасы мақаласында осы пункт те жүйелі қамтылған.

Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының докторы, Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы:

Кез-келген қоғамда бұл бірінші сол қоғамның болмысын анықтайтын, әсіресе сол қоғамдағы мемлекет құраушы елдің елдігін анықтайтын, ұлт санасын айқындайтын мәселені көтермегенше, ол қоғамның әрі қарай дамуы қиын болады. Елбасы соны көтеріп отыр.

Үш тілді саясатқа да әу баста үрке қарағандар болды. Алайда, Елбасы ана тілге көңіл бөліп, болашақты айқын көре білді. Соның арқасында ата- бабамыздың табаны тимеген шет мемлекеттерге қаншама талапты жастарымыз барып жан-жақты білім алды. Бұл үрдіс жалғасын табу керек, деп есептейді жастар.

Қалыбек Құлшар, Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:

Ұлттық рухты көтеру - ең басты мәселе, деп Мұхтар Құл-Мұхаммед айтып өтті. «Адамзаттың бәрін сүй асылым деп, және һақ жол деп осы әділетті» деген сөзі бұл адамзатты бауырым деп сүю керек. Ал ол үшін ол елдердің тілін білу керек. Бұл Елбасымыздың үш тілді саясатына негіз болып отыр.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысы жария еткен бірегей бағдарламалық құжаттың барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болатынына сенім білдірді.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ