Русский Сайттың толық нұсқасы

"Халықтан қашпаңыздар!", - депутат

Елімізде 4,5 миллион адам баспанаға мұқтаж. Оның 1,3 миллионы жастар. 2 миллионнан астам азамат үйді жалдап тұрады. Бірақ ақысы күннен-күнге шарықтап жатыр. Мәжілісмендер пәтерлерді жалға беру нарығын ретке келтіруді ұсынды. Парламент қабырғасында көтерілген мәселелерді Сүндет Оралбек саралады. 

Елімізде сағызша созылған сақалды құрылыстардың салдарынан мыңдаған адам үйлі бола алмай отыр. Мәжілісмендер аталған мәселенің шешімін табу үшін «эскроу-шоттар» ұғымын енгізуді ұсынды. Яғни, құрылыс компаниясы объектіні пайдалануға бергенге дейін салымшының қаржысы осы шоттарда сақталады. Шарт бұзылған жағдайда ақшаны шешіп ала алады. Сонымен қатар, қазір баспананы көпшілік ипотекаға алады. Оны жөндеу үшін тағы несиеге кіреді. Осылайша қарыздың қамытын киеді. Депутаттар бұл мәселені тез арада шешу керек дейді.

НҰРГҮЛ ТАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл мәселені шешу үшін тұрғын үйлердегі пәтерлерді толықтай жөндеу жұмыстарынан кейін пайдалануға беру ұсынылады. Бұл тәжірибе Аустрия, Германия және Франция елдерінде тиімді қолданылып келеді. Бұл ретте, әр пәтердің жөнделу бағасы салымшымен алдын ала шартта белгіленетін болса, мүлік бағасының шарықтауын алдын алуға болады деп есептейміз.

"Жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, кәсібінен заңсыз айырылған бизнесмен, баспанасы алаяқтарға қолды болғандар". Соңғы уақытта осындай оқиғалар жиілеп кетті. Ринат Зайытов бұған Мемлекеттік органдарды кінәлайды. Өйткені олар халыққа ашық емес.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? Мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! Қазақта: «Байды құдай ұрарда – байлығына мас болар, Биді құдай ұрарда – бұқараға қас болар» - деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар!

300 млрд теңге. Бұл жыл сайын спортқа бөлінетін қаражат. Бірақ соңғы кездері саңлақтарымыздың нәтижесі көңіл көншітпейді. Бұған Париж Олимпиадасы дәлел. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов салаға маңызды реформалар қажет екенін айтты.

ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫХАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Спорт мектептеріне көбірек көңіл бөлу керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда тек 510 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, 1991 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Бұл дегеніміз миллиондаған баланың жүйелі түрде спортпен шұғылдану мүмкіндігінен айырылғанын білдіреді. Жаңа спорт мектептерін құру және спорт секцияларын дамыту маңыздыміндет

Сондай-ақ, депутаттар ауыл тұрғындарының зейнетақысын көбейту мәселесін пысықтау қажет екенін айтты. Мысалы, ауыл шаруашылығында кем дегенде 25 жыл жұмыс істеген болса және ауылда тұратын болса, зейнетақысын өсіру керегін жеткізді.