Русский Сайттың толық нұсқасы

Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны 11-13 жас аралығындағы қыздар алады

Елімізде қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталды. Екпе қатерлі ісіктің ең қауіпті түрінен қорғайды. Жоспарлы тәртіппен вакцинаны 11 жастағы қыздар алады. Сондай-ақ 12-13 жастағылар иммундаудан өтеді. Қазір вакцина еліміздің барлық өңіріне жеткізілді. Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде жүргізіледі. Сондай-ақ емханадан алуға мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, 11 жастағы қыздардың 95 пайызының денсаулығы вакцина алуға дайын. Елімізге АҚШ-тың «Мерк Шарп Доум» компаниясының екпесі әкелінген. 

НҰРШАЙ ӘЗІМБАЕВА, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жалпы көлемі 350 мың дозаның шамасында. Бұл 175 мың қыз балаларға арналып отыр. Өйткені вакцинацияның графигі, егу схемасы саны 2 дозадан тұрады. Қазір мысалы бір дозасын алса, 6 айдан кейін екінші дозасын алады. Бұл 175 мың баланы осы адам паппиломасы вирусына қарсы вакцинациялауға жеткілікті доза.

Елімізде жатыр мойны обыры әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы сырқат. Жыл сайын бұл аурудың 1800-ден аса жаңа жағдайы тіркеледі. Неміс ғалымдарының зерттеуіне сәйкес қатерлі ісіктің 99 пайызы адам папиломасы вирусынан пайда болады. 

ЖАНЕРКЕ АЖЕТОВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ:

Ерте жыныстық қатынасқа түскен қыз балаларда адам паппилома вирусының таралуы жоғары. Кеш жыныстық қатынасқа түскен қыздарда төмен. Яғни примая кориляция дейміз. Сондықтан да 11 жастан вакцинаны жасайтын болсақ бұл қыз балаларға жатыр мойнының ісігін әлдеқайда төмендетуге шамамыз бар.