Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарлық әйел сабақ оқымағаны үшін 11 жасар қызын пышақтап тастаған

Қызылжарда анасы сабақ оқымағаны үшін 11 жасар қызын пышақтап тастады. Ауыр жарақаттың салдарынан жеткіншек дереу ауруханаға жеткізілген. Қазір дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Өңірден Абзал Құрманкин. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жантүршігерлік жағдай Уәлиханов ауданының Өндіріс ауылында болған. Сабақ оқымағаны үшін тасжүрек ана бес оқитын қызына пышақ сұққан. Бала бірден аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер бірден операция жасаған. Сонан соң санитарлық авиациямен Петропавлдағы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Абырой болғанда, қазір жеткіншектің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дейді дәрігерлер.

Александр ГАССМАН, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір науқас облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты, бірақ ауыр. Қыз есін жиып, өзі тыныс алып жатыр. Ақырын-ақырын оңалып келеді. Күні-түні дәрігерлердің бақылауында.

Отбасында 6 бала бар. 11 жасар жәбірленуші ерлі-зайыптылардың ортаншы қызы екен. Осы оқиғадан кейін анасы төркініне кетіп қалыпты. Ал қалған бес бала әкесінің қолында қалды.

Асқар МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған факті бойынша кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу жүргізілуде.Барлық жағдайлар анықталатын болады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Олар таратқан хабарламада, жеткіншекке психологиялық көмек көрсетілетіні жазылған. Білім басқармасы арнайы комиссия құрды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы мен әкімдік безбүйрек әйелге қатысты балаларын үйде тәрбиелеуден шеттету туралы шешім қабылдаған.