Русский Сайттың толық нұсқасы

Еуропада тасқын құрбандарының саны 23-ке жетті

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2024
  • 213

Еуропадағы тасқын құрбандарының саны 23 адамға дейін артты, деп хабарлайды 24kz.

Табиғат апатынан Румыния, Польша, Чехия, Австрия, Словакия тұрғындары жапа шегіп жатыр. Венгрия мен Италияда да осындай жағдай. Синоптиктер болса кей елдерде тағы жаңбыр жауып, өзендер әлі де тасуы мүмкін деп отыр. Дегенмен кейбір елдер ашық күн райын пайдаланып, тазалау жұмыстарын бастаған.

Польшада бір айға төтенше жағдай режимі жарияланды. Өйткені тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Ахуалға байланысты барлық мекемелер мен 350 мектеп пен балабақша жұмысын уақытша тоқтатты. Қазір Олава, Глухолазы қалаларында жағдай біршама тұрақталып, тазалық жұмыстары басталған. Бірақ тұрғындар алда тағы жаңбыр жауып, өзендер таси ма деп алаңдап отыр.

Мария Чесла, тұрғын: - Өңірде су тасқыны қатты болды. Бұрын да жауын жауып, өзендер таситын. Бірақ бұл жолы табиғи апат салдары өте ауыр болды. Ұлдарым түні бойы бөгеттерді күшейту мен құтқару жұмыстарына атсалысып, өрт сөндірушілерге көмектесті.

Тасқыннан қатты зардап шеккен Австрияның Атценбруг қаласында да тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Өрт сөндірушілер көпқабатты үйлердің жертөлелеріндегі суды сорғыштармен құрғатумен айналысуда. Шаһарда әлі жарық жоқ. Ауызсу тапшы. Жергілікті үкімет жапа шеккендерге көмек қорының көлемін ұлғайтатынын мәлімдеді.

Флориан Штайнер, Кирхбихль қаласының өрт сөндіру қызметі командирінің орынбасары: - Жағдай қиын. Электр қуаты жоқ, Таза су да жоқ. Тұрғындар тасқын салдарымен күресіп әлек. Шаһар тасқыннан қатты зардап шекті. Көшелердің бәрі лай батпақ.

Қазір өңірдегі барлық өрт сөндіру мен коммуналдық қызметтер табиғи апат салдарымен күреске жұмылдырылған. Чехияның су тасқыны жүрген кей аудандарында да жауын тоқтап, күн жылып, су қайта бастаған. Бірақ тасқыннан келген шығын орасан зор. Көп жерде жолдарды су шайып кеткен.

Көрші Словакияда осыған ұқсас жағдай. Ел астанасы Братиславаның өзіне табиғат апатынан келген шығын 20 миллион еуроға бағаланып отыр. Синоптиктер болса «Алда су тасқыны тағы күшейеді» деп ескертуде. Мамандар Дунай өзенінің деңгейі 9 метрден асып кетуі мүмкін деп болжайды.