Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысында киіктерді қорғау шарасы күшейтілді

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2017
  • 4415

Тасқынның салдарынан Торғай даласына киіктер кешігіп келді. Табиғатты қорғау саласының  өкілдері осылай деп отыр. Қазіргі таңда Қостанай облысының оңтүстік аудандарына 2 мыңға жуық ақбөкен ауған. Өткен көктемде Торғай атырабына киік өте аз келді. Мамандардың болжауынша, биыл олардың саны көп болып, шығынсыз төлдеуі тиіс. Киіктер мамыр айының ортасынан бастап ұлы Жыланшық, Айырқұм, Аққұм, Ақшығанақ аймағының төңірегінде төлдейді.

Еске салайық, 2015 жылы Торғай даласында 129 мыңнан аса киік қырылып қалған болатын. Ал, былтырғы санақ Бетпақдала популяциясында небәрі 36 мың ғана қалғанын көрсетті. Киіктердің келуіне орай облыстың оңтүстік аймақтарында күзет күшейтіліп, браконьерлерден қорғау шаралары қолға алынды. «Алтын дала» резерватындағы қорықшылар мен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінде жедел инспекторлық топтар саны көбейтілді. Арнайы жасақ қарумен, көлікпен қамтамасыз етілген. Оған қоса, Ақмола, Жезқазған, Ақтөбеден келген мамандар Амангелді ауданында жұмыс істеп жатыр.

Нариман Қасымбеков, Қостанай облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:

Осы шара аясында киіктердің төлдейтін және миграциялануы жүріп жатқан аумақтардағы ауаның, жер қойнауының, судың санитарлық-эпидемиологиялық сынамаларын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Заңғар САНАЙ