Ақтөбеде шаруалар екі жыл бұрын етке өткізген малының ақшасын ала алмай жүр. Кәсіпкер түрлі сылтау айтып, осы күнге дейін созып жүрген көрінеді. Шаруалар сотқа жүгінген. Бірақ сонда да нәтиже жоқ дейді. Неге? Бакыт Қазанғапқызы тараптарды тыңдады.
Ойыл ауданында мал сою цехы ет қабылдап жатыр дегенді естіп, жұрт қолындағы төрт түлігін апарып тапсырған. Бірақ ол үшін бір тиын да алмапты.
ҒАЗИЗ БАЛПАШОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Ауылда 15 бас малымды осы мына аудан басындағы Өркен деген бойня бастығына ет тапсырдым. 15 күнге бізге договор жасап берді. Сол он бес күнде шешімі болады саған ақшасын аударамыз деп. Содан бері екі жыл өтті. Ешқандай нәтиже жоқ.
Кәсіпкерге ауданда 68 адам ет тапсырған. Тұрғындардың алдыңғы легі ақшасын алған. Ал қалғаны әлі күнге дейін сабылып жүр. Әрқайсысының алашағы екі, үш миллион теңге шамасында.
ҚАЗИ ТАЙБӨРИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Мен жүз бас сойдым. Екі тоннадай ет болды. Сонымен 3 жарым миллион ақша ала алмай жүрмін. Бір тиын да алған жоқпын. Сотқа бердім. Ойыл ауданы соты менің пайдама шешті. Бірақ сот орындаушысы орындай алмай отыр. Ана фирманың қазір жабылып қалған ба, атында ештеңе жоқ дейді.
Сөйтсе, бұл кәсіпкер қытайлық компанияға ет өткізуге тендер ұтып алған көрінеді. Тұрғындардан алған етті сонда тапсырыпты.
КҮЛӘН КӘРІБЕКОВА, КӘСІПКЕР:
Бір жыл бойы ай сайын он миллион, бес миллион, сөйтіп-сөйтіп бар адамға, бүкіл, пенсионерлер болды ішінде. Біз оны мен алып кетпедім, СНПС-ға апарып тапсырдық. Олардың ішінен тапсырғандардан общий 20 процентов брак жіберді. Содан біз шыға алмай қалдық. Бұл кісілерден мен до конца года күтіңіздер. Соған по частям беріп тастаймын. Бөліп-бөліп беріп тастаймын.
Шаруалардың күтуден басқа амалы болмай тұр. Сот орындаушылар бұл компанияның бүкіл есеп-шотын бұғаттап тастаған.