Оралда су тасқынынан зардап шегіп, баспанасыз қалған көпбалалы отбасыларға жаңа пәтердің кілті берілді. Бұл азаматтардың үйі суға кетсе де, құжаттары талапқа сай болмаған екен. Кімнен көмек сұрарын білмей қатты дағдарған қамкөңіл жандарға жергілікті кәсіпкерлер қол ұшын созды. Жанашыр жандар құрған қордың қаржысына жаңа пәтер сатып алынды.
Көктемгі су тасқыны кезінде Президент үндеуін қолдаған оралдық кәсіпкерлер өздері бірігіп, жеке қор құрған еді. Қайырымдылық қорына құйылған қаржы көмекке мұқтаж жандардың керегіне жұмсалды.
ТҰРАРБЕК ТІЛЕМІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
Өзім 50 миллион салдым, қалғанын әріптестерім салды. 112 миллион ақша жиналды. Содан 320 семьяға екі айға 200 мыңнан пәтер жалдап бердік, соған ақша бердік. Енді 2 мыңдай адам болатын болар.
Көпбалалы Жұмабаевтар әулеті - көктемгі су тасқынынан зардап шеккен мыңдаған отбасылардың бірі. Бірақ бейнеттеніп салған баспанасының құжаты дұрыс болмағасын, үйден үмітін үзіпті. Дегенмен жомарт жүректі жандар құрған қор оларды далада қалдырмады. Бүгін жаңа үйден үлкен пәтер бұйырды.
ӘСЕЛ ЖҰМАБАЕВА, ТҰРҒЫН:
Кеше маған хабарласқанда үй беріп жатырмыз деп өзім деген шошып кеттім. Рақмет айтамын осылай қуанышымды бөлісіп жатқандардың бәріне де. Ыстық жүрекке көп-көп рақмет айтамын, бастықтарына! Осылай далада қалдырмағанына өзімнің қазағым ғой деп баспана бергеніне.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БҚО ӘКІМІ:
Биыл құтты жыл болды деп айтқым келеді қиындық көрген отбасылар үшін. Ең соңында біз сабырлылықпен, шыдамдылықпен бәріне жеттік деп айтқым келеді. Ең бастысы басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болып жатыр.
Өңірде тасқыннан зардап шеккен 2100 отбасыға пәтер сатып әперілді. Бұған қоса облыс орталығы мен аудандарда 700-ден астам отбасы жаңадан салынған үйде қоныс тойын тойлады.