Қорғаныс министрінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қазақстан армиясында өлім-жітім неге жиілегенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның пікірінше, бүгінде қоғамда қате түсінік қалыптасқан.
"Біріншіден, бейбіт уақытта әскери қызметшілер армияда өліп жатыр, екіншіден, жеке құрамда әлімжеттік бар деген қоғамда қате түсінік бар.Әскердегі өлім-жітім, жарақаттану сынды әскери қызметтегі қауіпті факторларға тоқталайын. Армия – спецификалық әлеуметтік организм. Онда өміріңізде қауіп төнетін жағдайлар болады. Бұл – жауынгерлік техниканы пайдалану, жаттығулар, атыс, маневр және шерулер. Сондай-ақ әскери қызметшілер нақты жауынгерлік құралдарды пайдаланады", - деді Шайх-Хасан Жазықбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Генерал-майор әскерде әскерилердің өлімі жиілегенін жоққа шығармады.
"Әскери қызметте қолайлы жағдай жасау үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өкінішке қарай, әскери қызметшілердің қаза болу фактілері тіркеліп жатыр. Әрине, соңғы жылдары әскери оқу-жаттығудың қарқындылығы күрт өсті. Осылайша, жарақат алу қаупі артты. Бүгінде әскери қызметшілердің қаза болуының барлық жағдайы бейбіт тұрғындардың өліміне ұқсас", - деді министрдің орынбасары.
Министрлік жағдайды талдағаннан кейін әскери қызметшілердің өлімі мен жарақаттануының негізгі себебін анықтаған. Олар төмендегідей:
Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді абайсыз пайдалану;
Техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу;
Қызметтен тыс уақытта жол-көлік оқиғасына түсу;
Ауру бойынша өлім-жітім;
Отбасындағы қиындықтарға байланысты өз-өзіне қол жұмсау;
"Бейбіт уақытта әскери қызметкерлердің шығыны жауынгерлік емес шығындар деп аталады. Кез келген оқиға бойынша мұқият тексеру жүргізіліп, әскери басқару органдарының бірінші басшыларына қатаң тәртіптік және кадрлық шешімдер қабылданады. Бірақ мұнда біз қандай да бір шара қабылдамасақ, бәрі қызмет ететін адамға байланысты екенін түсіну керек. Әскерге шақырылған азаматтар қазірдің өзінде қалыптасқан дүниетаныммен және отбасында, мектепте, достарының арасында алған тәжірибемен келеді. Ондай жағдайда барлық шара мен тыйым дәрменсіз", - деп сөзін түйіндеді Шайх-Хасан Жазықбаев.