Русский Сайттың толық нұсқасы

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Назарбаев университетімен қызметтік қарым-қатынасты арттырмақ

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2017
  • 2577

Назарбаев университетінде осы жылдың күзінен бастап агрохимия өнімдерін сертификациялайтын, халықаралық стандарттарға сай алғашқы зертханалар жұмысын бастайды. Бұл жоба «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ-ның Назарбаев университетімен қарым-қатынастын арттыруы нәтижесінде жүзеге аспақ.

Аталмыш  қорға қарасты «Тау-кен Самұрық» «Біріккен химиялық компания» және «Самұрық Энерго» қоржындық компаниялары бүгін Назарбаев университетімен химиялық, мұнай-химиялық, геологиялық ғылыми зерттеу лабораторияларын салу мақсатында біріккен жол картасына қол қойды.

Айта кетейік, бұл бастама Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты мақаласындағы тапсырмаға сай жүзеге асып отыр. Қол қойылған жол картасы шеңберінде университет базасында көзделген жұмыстар кешенін құрау және жарақтандыру, практикалық және ғылыми-өндірістік орталықтарды салу көзделген. Сондай-ақ, 2017-ші жылдың соңына дейін университет қабырғасында мұнай өңдеу бағытында тағы бір зертхана іске қосылады.

Ержан Тұтқышев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жаңа салаларды дамыту жөніндегі тең-басқарушы директоры:

Бұл зерттеулер өз ерекшеліктері қалыптасып, аяққа тік тұрған, тіпті өз өңдеуі, процессі бар элекроэнергетикалық, мұнай-газ компанияларға ғана бағытталмайды. Біз Қазақстанның болашақтағы жаңа бағыттарына да көз жүгіртіп отырмыз. Ол сертификатталған зертханаларды қажет ететін химия, мұнай-химия, тау-кен өндірісі салалары.

Айта кетейік, келісім аясында ғылыми-практикалық орталықтармен тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар да өткізіледі. Жұмыс барысы кен байытудан металлургияға дейін технологиялық тізбек бойынша жүретін болады. Ұлттық әл-ауқат қоры Назарбаев университетімен қызметтік қарым-қатынасты мұнан әрмен де арттыруды көздеп отыр. Мысалға, 2017-ші жылдың соңына дейін жоғары оқу орнымен қоржындық компаниялар арасында тағы да мұнай-газ және энергетика саласында жаңа зертханалар салудың жол картасына қол қойылмақ.