Апта басында мұнайдың «брент» маркасының бір баррелі 6 пайызға өсіп, жыл басталғалы бірінші рет 41 долларды құрады. Артынша сәл-пәл төмендеді. Іскерлік басылымдар мұнай бағасының табанға түскенін, енді 20 долларға, одан да төмен құлдырамайтынын жазып жатыр. Bloomberg-ң аналитиктері мұны АҚШ-та мұнай ұңғымаларының жұмыстарын тоқтата бастауымен, тиісінше, мұнай өндірісінің азаюымен түсіндірді. РБК-ң хабарлауынша, нарық мұнай өндіруші елдер өкілдерінің наурыздың 20 –нан кейін Санкт Петербургте өтеді деп жоспарланған жиынын күтіп отыр. Онда мұнай өндірісін азайту мәселесі талқыланады. Ал Lenta.ru америкалық басылым - Business Insider-дің болжамын жазды: Ресей әлемдік мұнай өндірісінің төрттен үші тиесілі болатын жаңа картель құруды көздеп отыр. Осыдан бірнеше апта бұрын Мәскеудің мұнай өндірісін мұздай қатыруды ұсынғаны мәлім. «Бұл мәселе бойынша Кремльдің АҚШ-ң одақтасы, бірақ оның Иранмен ядролық бағдарлама бойынша келісімінен кейін қарым-қатынастарына сызат түскен Сауд Арабиясын көндіруге күші жетті»,-деп жазған, ілгі америкалық басылым. Сауд Арабиясының Иранмен жұмсартып айтқанда «дос» емес екені белгілі. Дәлі – аймақтағы бәсеке мемлекеттер. Ал санкциялар алынғасын Иран «әл» жинап жатыр. Сирия бойынша Ресеймен қарама-қайшы позиция ұстанса да, Саудияға қазір одақтас керек. Сондықтан Ресей ұсынысын қолдайтындай сыңай танытып отыр. Мұнай бағасының түсіп кетуі олардың ымыраласуына мүмкіндік. Ал егер Мәскеу амалын тауып, Иранды да келістірсе, мұнай өндіруші елдердің лидеріне айналады. Оған Ресейдің доллармен есеп айырысудан бас тарту ұсынысын қосыңыз. Америкалық басылым «ROPEC» (Ресей және ОПЕК елдері), деген жаңа картель мұнай нарығындағы күштердің қазіргі балансын бұзады - олар алдағы жиынды мұнай өндірісін азайту мәселесін талқылау үшін ғана өткізейін деп отырған жоқ»,- деп қорытындылаған. Ресейдің энергетика министрі Александр Новак, мұнай өндірісін қаңтардағы көрсеткіш көлемінде сақтауға 15 елдің келісіп отырғанын хабарлаған. «Кілем астындағы ойындар» Қазақстанды қандай позиция ұстауға итермеледі? Ресей біздің де мұнай өндірісін азайтуды қолдайтынымыздан үмітті екенін ақпарат құралдары жазған.
¤
¤Владимир Школьник, ҚР энергетика министрі:
¤Жоқ, біз өндіріс көлемін қатырып қоймаймыз. Жағдайға қарай әрекет етеміз. Биылғы бюджетте мұнайдың бір баррелі 30 доллар деп, өндіріс көлемі 74 млн тонна деп көрсетілгенін білесіздер. Ал егер орташа баға баррелі үшін 40 долларға жетсе, өндіріс 77 млн тоннаны құрайды. Қазір мұнай нарығында ұсыныстың сұраныстан көп екені белгілі. Сондықтан біз өндіріс көлемін біраз түсірдік. Басқа елдер бізден үлгі алса, баға реттелер еді. Қазір баға онсыз да төмен, көптеген кеніштер үшін өзіндік құнынан да төмен.
¤
Отандық сарапшылардың кейбірі Қазақстан мұнай өндірісінің көлемін қазіргіден қысқартса, жағдай тіпті күрделене түседі дейді. Мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін одақ басшысы, еліміз қара алтын көлемін өз бетінше қысқарта алмайды деген ойда. Ол үшін ірі кен орындарын басқарып отырған шетелдік инвесторлар және трансұлттық компаниялармен ақылдасып, келісімін алу қажет. Өйткені біздің ел мен шетелдік мұнай өндіруші компаниялар арасында өнімді бөлісу туралы келісім-шарт бар.
¤
Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағының төралқа төрағасы:
¤
Мұнай өнімі онсыз да қысқарып отыр. Былтырғы 80 млн-ға биылғы 74 млн, 6 млн онсыз да қысқарып отыр. Сондықтан біздің қатысуымыз және мойнымызға қысқартамыз деген нақты цифр алу орынсыз деп ойлаймын. Біздің мемлекеттің экспорттан келетін кірісінің 70 пайызы мұнайдан келіп отыр. 70 пайызы мұнайдан келіп отырғандықтан, қазір бірден біздің мемлекеттің табысына кері әсер етеді. Оның сыртына теңге құлдырауы тағы басталады. Салық көлемі азаяды. Міне, осы комплексті зерттеп қарасақ бізге өте тиімсіз.
Алайда өндіріс көлемін
мұздай қатыру идеясын қолдау керек дейтіндер де бар. «Сонда бағаның өсуіне жол
ашылады, ал ол бізге әрине пайдалы» деген принцип бойынша. Бірақ ұсыныс
сұраныстан көп қазіргі жағдайда бағаның жақсы өсетіні туралы айту ерте. Бағаны
қатыруға Иранды келістіру мүмкін емес дейтіндер бар.Сондықтан қазір бағаның
тұрақтылығы жайлы сөз қозғауға болады, әйтсе де өсім жөнінде емес.
Ғалым Хұсайынов, экономист:
Менің ойымша, Қазақстан үшін тиімді баға – баррелі үшін 70-80 доллар. Осы
жағдайда Ұлттық қорға жеткілікті түсім түседі, бюджет тапшылығын да Ұлттық
қорсыз жабатын едік. Басқа да бағыттарды дамытуға мүмкіндік туар еді. Алайда
жақын арада ондай бағаны көрмейміз деп ойлаймын, биыл болмайды. Бағаның өсуі
алдағы 2-3 жылдың мәселесі, оның объективті, субъективті себептері көп. 70-80
доллар деген бағам 2017-18 жылдардың еншісінде.