Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық одақ елдері арасында сауданың жандана түскенін айтты

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2017
  • 3001

Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы мен ынтымақтастықты тереңдету жолдары Бішкекте өтіп жатқан Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында талқыланды. Қазақстан, Армения, Белоруссия, Қырғызстан мен Ресей көшбасшылары экономикалық әріптестік, халықаралық ынтымақтастық және Еуразиялық кеңістіктегі бірігу мәселелерін талқылады. Жиында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев одақ елдері арасында сауданың жанданғанын атап өтті. Мұны статистикалық мәліметтерден де көруге болады. Кеңеске мүше көптеген елдер өткен жылы экономикалық көрсеткіштерін жақсартқан. Олардың ішінде Қазақстан да бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі айдың қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің сыртқы саудасы 37 пайызға өскен. Ал өзара сауда 38 пайызға артқан. Қазақстанның одақпен саудасы 56 пайызға өсті. Ресеймен 50, Белоруссиямен 50, Қырғызстанмен 41 пайызға және Армениямен үш жарым есе көтерілді.

Бішкекке Молдова басшысы да келді. Бұл ел Еуразиялық экономикалық одаққа байқаушы мәртебесін алуға ниетті. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келеді деп күтіліп отыр. Ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бейресми саммитіне қатыспақ. Жиында ұйымның одан әрі даму жолдары мен қауіпсіздік мәселелері көтерілмек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ