Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрмыстық зорлықпен күрес күшейді

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2017
  • 3435

Отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау. Бас прокуратурада әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысында бұл мәселе қызу талқыланды. Маңызды ұсыныстар да жоқ емес. Оның ішінде отбасының берекесін қашырған бұзақыларды бұрынғыдай үш сағатқа емес, бір тәулікке қамау бастамасы да бар.

Елдос Сапарғали, тілші:

Шаңырағын ойрандап, әйелін ұрып-соғатындармен күрес күшейе түсті. Оған себеп те жоқ емес. Өткен жылы отбасында болған қылмыс көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 90 пайызға артқан. Нәтижесінде 36 әйел мен бір бала қайтыс болды. Екі жарым мыңға жуық әйел зорлық көріп, 742-сі өзіне қол салған. Мұндай жаға ұстатар көрсеткіштерді төмендету үшін Бас прокурор Жақып Асанов 7 ұсыныс айтты. Алдымен үлкен өмірге бейімделіп, азаматтық қасиетті сіңіру үшін өскелең ұрпаққа тәрбиені мектептен бастауды ұсынды. Ал еліміз ажырау көрсеткіші бойынша алдыңғы ондыққа еніп тұрғанын қынжыла айтқан Бас прокурор мұнандай бастама көтерді.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Бақытты семьяның құпиясы неде екенін жастар біле бермейді. Сондықтан үйленемін деушілерге арналған міндетті курс болу керек. Одан өтпесе, неке болмау керек. Мұндай тәжірибе өте көп елдерде бар.

Отбасындағы жанжалдың 60 пайызы ішімдіктің кесірінен болады. Заң бойынша әкімшілік тәртіп бұзғандарды полиция бөлімшесінде үш сағаттан артық ұстауға болмайды. Алайда бұл әдіс тиімсіз. Сондықтан қамауға алу мерзімін 24 сағатқа созу туралы ұсыныс бар. Тіпті осыған байланысты Молдова елінің тетіктерін пайдалану тиімді,-дейді Жақып Асанов.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Молдовада агрессорларға арналған орталық жұмыс істеуде. Онда бұзақы не өз еркімен не сот арқылы мәжбүрлеп емделеді. Бізге де сондай психокоррекциялық служба керек. Оған қаражат жоқ дейміз. Бірақ пайдасы жоқ вытрезвительдерге жыл сайын 5 миллиард бөліп отырмыз. 

Ішкі істер министрі  берекесі қашып, қиындық көріп отырған 12 мыңдай отбасы тіркеуде тұрғанын айтты. Сол жанұяларда 16 мың бала өсіп келеді. Өткен жылы кәмілет жасына толмаған балаларға тәрбие бере алмаған бес жарым мың отбасы иелері жауапқа тартылыпты.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Біз отбасының шырқын бұзғандарға үйінде отырып, алкогольдік ішімдік ішуге заңды түрде тиым салдық. Қазірде осындай тіркеуде тұрған 855 адам бар.

Павлодарда ашылған «Аналар үйін» 3 жылдан бері отбасылық зорлық көрген 72 келіншек паналапты. Қазір мұнда 19 әйел мен 23 бүлдіршін өмір сүріп жатыр. Екі рет тұрмыста болып ажырасқан Мақпал есімді келіншек құрсағындағы шаранасымен далада қалған. Екі балалы әйелдің үшінші рет құрсақ көтергеніне анасы мен бауырлары қарсы болған. Ақыры үйінен қуылыпты. 

Мақпал:

Ең бірінші жұмысқа орналасып, жұмыс істеп, балаларымды қасыма алу. Екінші, қызым шағын орталықта, оны өзіме аламын. Нянька жалдап, жұмыс істеймін ары қарай. Мақсатым - балаларымды асыру. 

Дәл осындай мәселелерді түбегейлі шешу үшін жиында айтылған барлық ұсыныстар әлі сан мәрте сараланады. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлықпен күресуге байланысты жаңа заңнама енгізілуі де ғажап емес. Қазірдің өзінде пилоттық жоба ретінде Оңтүстік Қазақстандағы екі ауданда бұл бастама қолға алынған.

Елдос Сапарғали