Астанада есірткі саудасына қарсы «Сатқындар» науқаны басталды. Шараны «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Елдің болашағына немқұрайлы қарамайтын жастар бір алаңға топтасып, қоғамның қауіпті дертіне қарсы шара қолданды. Олар елорданың бұрыш-бұрышындағы есірткі туралы жазбаларды өшіріп, орнына өздерінің QR кодтарын жабыстырды.
Акцияны ұйымдастырушылар қара басының қамы үшін жастардың болашағына балта шауып, есірткі сатқандарды сатқындар деп атапты. Оларға қарсы күресу бүгінгі күннің өзекті мәселесі, дейді.
НҰРҒАЛИ ТҰРСЫНҒАЗИЕВ, «ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» ЖАСТАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
Адамдар есірткі сатып алу үшін келеді, QR кодқа кіреді. Ол біздің сайтқа түседі. Біздің сайтта Астананың картасы бар. Қай жерде қанша адам есірткі сатып алғысы келгені көрініп тұрады карта бойынша. Сол арқылы біз елімізде қанша жастар сатып алғысы келетінін, сол адамның данныйы түседі. Сол арқылы біз жұмысымызды бастаймыз.
Елімізде соңғы 5 жылда нашақорлыққа тәуелділер саны күрт өскен. 2018 жылы есірткі қолданатындар - 15 мың болса, былтыр 200 мыңға жеткен. Ал тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 10 есе артқан.
ВАСИЛИЙ ТАХТАЙ, "ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ" ЖАСТАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
Есірткі бизнесі тек біздің елде емес, дүниежүзіндегі қауіпті дерт. Қоғамның өзекті мәселесімен күресуде біз талмаймыз. Шама-шарқымыз жеткенше жұмыла күресе береміз.
Игі бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса жас жиналды. Сондай-ақ алып күш иесі Сергей Цырульников та бой көрсетті. Спортшы жастарды есірткіге қарсы күресте батылдық пен белсенділік танытуға шақырды. Еліміздің болашағы үшін бірге күресуге үндеді.
СЕРГЕЙ ЦЫРУЛЬНИКОВ, ГИННЕС РЕКОРДТАР КІТАБЫНЫҢ РЕКОРДШЫСЫ:
16 жылдан бері елімізде спорт инфрқұрылымдарын дамытуға атсалысып келемін. Сондықтан бұл акция маған да тікелей қатысты. Біз салауатты өмір салтын ұстанып, оны халыққа насихаттаймыз. Біз дені сау ұлт, дені сау жастардың болашағы үшін күресеміз.
Акцияны еліміздің танымал әншілері де қолдады. Өнерлерін көрсетіп, жастарды есірткіге қарсы күресте белсенділік танытуға шақырды.