Елге оралатын қандастарымызға және ел ішіндегі қоныс аударушыларға биылға арналған квота бекітілді. 1259 оралман отбасы оралып, ел ішінде қоныс аударамын деген 463 отбасы көше алады.
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары оралмандарды да, ел ішіндегі қоныс аударушыларды да қабылдайды. Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары тек оралмандарды орналастырады.
Біз бүгін ішкі қоныс аударушыларға тоқталамыз. Халық тығыз орналасқан, жұмыс орындары тапшы аймақтардың ниет білдірген адамдарын халық сирек қоныстанған, жұмыс күшіне сұраныс бар солтүстік пен шығыс өңірлерге көшіру бағдарламасы бар. Соның жүзеге асу барысын көрсете отырып, бұл көштің қоныс аударушылар үшін ғана емес, бар қазақ үшін маңызды екенін айтқымыз келеді. Солтүстік пен шығыстың бір бөлігінде қазақтардың әлі де аздығы Қырым, Украина «оқиғаларынан» кейін қайтадан өзекті. Негізі бұл мәселе ешқашан күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан оралмандар мен ел ішінде қоныс аударушыларды сол өңірлерге орналастыру өте-мөте құптайтын жоба. Тек квота көбейтіле беруі керек. СҚО меншікті тілшіміз Абзал Құрманкин мен ОҚО меншікті тілшіміз Айзада Төребекқызының «Маңызды көш» материалы.
Жат жерді жатсынбай, жаңа мекенде қоныстанған отбасылардың бірі – Сарыбай отбасы. Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында туып-өскен олар квотаның бөлінуін күтпей, Солтүстік Қазақстанға өз бетімен қоныс аударды. Жаңа мекенге жайғасқан шаңырақ бір емес, бірнеше мақсатты көздеп келген. Бір жағынан мамандығы бойынша қызметке орналасу болса, екіншісі – теріскейде қазақ санын көбейтуге үлес қосу. Жергілікті билік өкілдері жас отбасыға Жамбыл ауданынан жұмыс тауып берді. Тек жұмыспен қамтып қана қоймай, бағасы қалтаны қақпайтын жалдамалы пәтер де ұсынды. Өмірлері ертегідей болмаса да, тірлікті тіктеуге бел буған олар, сан соқпағандарына шүкіршілік етеді.
Маржан Уәлиева, отанасы:
Жалпы адамдары өте жақсы, адамдардың көзқарасы. Біз ойлағанбыз біраз жатырқап біраз үйрене алмай жүретін шығармыз деп, жоқ. Жалпы біздің жағдайымыз барлығы мемлекеттің қарауында, назарында деп ойлаймыз. Ешкімге артып қойған міндетіміз жоқ. Дегенмен, осындай жұмыс тауып, балаларымыз балабақшада, үйіміз жайлы, орталықта, жұмысқа бәріне жақын. сол жағынан барлығына рахмет айтамыз.
Отағасы Қантемірдің мамандығы – бухгалтер. Ол күнгейде маман иелері көп болғаннан кейін, жұмысқа орналасу қиынға соққанын айтады. Ал қоныс аударғаннан кейін отағасы мамандығы бойынша аудандық әкімдіктің білім беру бөліміне өз мамандығы бойынша қызметке кіріп, нәпақасын тауып отыр. Ұжымы да жас маманды шеттетпей, жылы қабылдаған.
Қантемір Сарыбай, отағасы:
Жергілікті әкімшілік екі үш вакансия ұсынды. Больницаға, әкімшілікке. Бірақ сол жаңағы аудандық білім бөлімінің жұмысы ұнады. Айлық жалақысы алпыс екі мың. Әзірге өзімізге жетеді.
Сарыбайлардың қос қара домалағына да жергілікті балабақшадан орын табылған. Қазір «Айнагүл» атты мекемеде 260 бала тәрбиеленіп жатыр. Тәрбиешілердің айтуынша, Хантөре Сарыбай өте белсенді.
Теріскейге өзге аймақтан көшіп келемін деушілердің қарасы қалың. Басым бөлігі Оңтүстік Қазақстаннан ниет білдіріп отыр. Бұл аймақта жұмыс күші көп, тиісінше, барлығына бірдей орын табу қиын. Сондықтан бейнелеп айтқанда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтар маман тапшы аймаққа, яғни солтүстікке қарай бет алуды көздейді. Мәселен, Әбдәлі Шынтай өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Кәсіби білімі болса да, әлі күнге дейін тұрақты жұмысқа іліге алмай отыр. Отағасы өзінің мамандығына сәйкес кәсіпті Солтүстік Қазақстаннан іздеуде. Астықты өлкеде ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс жоғары болғаннан кейін отбасымен сонда көшіп бармақ. Тіпті алты ай болатын аязды қысқа шыдаймыз деп отыр, өздерінде қаңтарда тон кимейтін Әбдәлі. Бастысы – ел қатарлы өмір сүру, дейді ол.
Әбдәлі Шынтай, Шымкент қаласының тұрғыны:
Бізде ондай мамандықтар, жұмыс жоқ. Қазір бәрі жеке меншік. Барғанмен бәрібір ешкім алмайды жұмысқа қазір. Совхозный дегеннің бәрі тарап кеткен бізде. Сол себептен сол жаққа барып, тұрақты жұмыс, мал шаруашылығы бар, істеймін десең. Сол телевизордан көріп, қызығып отырамыз. Біз де осындай болсын екен деген арман.
Ақбөпе Тастемірова жолдасының бастамасын қолдап отыр. Отанасы кірпіш зауытында қызмет еткен. Бірақ денсаулығы сыр беріп, жұмысты қоюына тура келді. Үш баланың анасы пәтер жалдаудан шаршаған, жеке баспаналы болуды армандайды.
Ақбөпе Тастемірова, Шымкент қаласының тұрғыны:
Егер жағдайымызды жасап тұрса, үй береміз деп жатыр, неге кетпеске? Болашағы бар екен ол жақтың. Сонымен кетуге ұйғардық. Ағайын-туыс бәрі осында. Айтады ғой, алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық дейді ғой. Көршің жақсы болса, ол ағайыннан артық болып кетеді ғой.
Үкіметтің үстіміздегі жылдың қаңтар айында шыққан еңбек күші артық аймақтардан тұрғындарды көшіру туралы қаулысына сәйкес 463 отбасыға квота бөлінеді. Оның жүз бірі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Алайда, теріскейге қоныс аударуға ниеттілердің саны аталған көрсеткіштен әлдеқайда артық.
Сәтжан Полатов, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Қызығушылық танытып отырғандар көп. әзіргі таңнын өзінде бізге келіп, көп өтініштер білдіріп жатады. әзір мысалы ретінде, 751 деп айтсам, кешке дейін бұл сан өсуі де мүмкін, кемімейді.
Алмаз Қошманов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Бізде көшуге ниетті кісілердің тізімі бар. Солтүстік Қазақстанда олардың мамандықтарына тән жұмыс табылған кезде біз оларға қоңырау шалып, шақыртамыз. Осында жұмысқа орналасқаннан кейін квота мәселесі шешіледі. Яғни көтерме ақы ретінде қаражат бөлінеді. Отағасына 50, ал отбасының әрбір мүшесіне 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Шенеуніктер көшіп келемін деушілердің көптігіне байланысты квота саны ұлғаюы мүмкін екенін айтады. Тек биылдың өзінде Солтүстік Қазақстанға жүзден артық отбасы қоныс аударуы мүмкін. Бұл жоба тек маман тапшылығы мәселесін шешуге септеспейтінін әрбіріміз түсінеміз. Бұл, әрбір қазақ үшін маңызды көш. Тек керуен саны шектеулі болмауы керек...
Абзал Құрманкин А.Төребекқызы
«Біздің уақыт».