Русский Сайттың толық нұсқасы

Тасқын салдарынан Солтүстік Қазақстан облысында мал қырылды

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2017
  • 2291

Ал Қызылжар өңірінде 14 ауылды су басты. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ малмен жан бағып отырғандар төрт түліктерінен айырылды. 92 бас мал қырылып қалған. Ал бұл қауіптің тек басы ғана, - деп отыр мамандар. Абзал Құрманкин телефон арқылы байланыста. Абзал, қай ауыл көбірек зардап шеккен?

Абзал Құрманкин, тілші:

Ия, Ләйла, кенеттен келген топан су ешкімді аяп жатқан жоқ. Бір күннің ішінде Ғабит Мүсірепов ауданындағы 4 ауылды су шайып кетті. 600-дей адам баспаналарын тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. Қазір олар жақын-жұрағаттың үйін паналап жүр. Мамандар әу баста 95 ауылға қауіп төніп тұрғанын айтып, алдын алу шараларына кіріскен. Ол үшін бюджеттен жарты миллиард теңге де бөлінген. Бірақ топан су бұл жолы да құтқарушыларды абыржытып тастады.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі:

Шарық өзеніне құятын Жембарақ өзені арнасынан асып, төменде орналасқан 14 ауыл су астында қалды. 92 бас мал суға батып кетті. Қазір бұл мәселенің себебін анықтап жатырмыз. Дегенмен, малдың біразын аман алып қалдық.

Абзал Құрманкин, тілші: 

Өткен жылы тасқын судан 35 ауылдағы 400-дей үйді су басқан еді. Ол кезде 1,3 миллиард теңгеге қалпына келтірілді. Қазір төтенше жағдай мамандарының жасағы Ғабит Мүсірепов ауданына жұмылдырылған. Олардың айтуынша, Ауыртау, Есіл мен Қызылжар ауданына да қауіп төніп тұр. Бірер күнде топан су Қызылжарға да жетпек. Сондықтан тұрғындарға сақ болмаса, болмайды.