Русский Сайттың толық нұсқасы

Допингке қатысты «айғай-шу»...

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2016
  • 1604

Демеушілері келісім-шарттардан бас тартқан Шарапова 100 млн фунт стерлингтен немесе 140 млн доллардан қағылуы мүмкін. Британ ақпарат құралдарына сілтеме жасаған интерфакс-ң мәліметі. Сөйтіп, 28- жастағы Мария Шарапова спорт тарихындағы рекордтық сомадағы ақша жоғалтқан адам болуы ғажап емес. Nike, Porsche және TAG Heuer жарнама контрактілерінің тоқтатылғанын хабарлады. Ал Марияға профессионалды тенниспен айналысуға 4 жылға дейін  тыйым салынуы мүмкін, ендеше кортта да ақша таба алмайды. Әңгіменің не туралы екені түсінікті шығар -  теннисшіден 1-қаңтардан бастап тыйым салынған милдронат немесе мельдоний препаратының ізі табылған. Қаңтарда өткен Австралия ашық чемпионаты кезінде алынған допинг-тест қорытындысы бойынша.  Басылымдар оның бұл препараттың «қара тізімге» енетіні жайлы 5 ескерту-хабарлама алғанын жазады. Дүниежүзілік допинге қарсы агенттік спортшыларды былтыр күзден бастап ескерте бастаған. Мария апта басында Лос-Анджелесте журналистерді жинап, «тек ғана өзім кінәлімін» деді. Ол «препараттың тыйым салынғанын білмедім, келген хаттарды ашып, оқымадым»,- дейді:

Мария Шарапова:

Мен допинг-тесттен өте алмадым және ол үшін барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Соңғы 10 жылда мен «милдронат» препаратын іштім... Тұмаумен жиі ауыратынмын, электрокардиограммам да кілтипан бар – диабет белгісі сияқты. Ал отбасымның мүшелері диабетпен ауырған. Осылай, көпшілікке түсіндіру маңызды деп ойлаймын, мен көп мәселе бойынша ашық, әрі адалмын. Үлкен қателік жасап, өзімнің де ілтипатым жоғары фанаттарымды жерге қараттым. Алайда карьерамды бұлай аяқтағым келмейді. Бүгін мені спортпен қош айтысады деп ойлағандар бар. Солай болған күнде мына сұрықсыз кілемнің үстінде тұрып айтпаушы едім...

Британ ақпарат құралдарының мәліметінше, Шарапованың дәулеті 137 млн фунт стерлингті құрайды, теннисшілер арасында бірінші орында. «Үлкен дулыға» турнирлерінің 5 дүркін жеңімпазына Nike-пен арадағы жарнамадан жылына 6 млн фунт, TAG Heuer-ден  2 млн фунт, Porsche-ден 2 млн фунт түскен. Бұл негізгі контрактілері ғана, басқа – 1 млн фунттан түсірген келісім-шарттары да жетеді.

Оның тағдырын шешетін тыңдау Лондонда 23-наурызда өтеді. Ол менің сүйікті теннисшім болмаса да, спортпен айналысуға тыйым мейлінше аз мерзімге салынса деп тілеймін. Себебі расында жарқын теннисші. 

  Бұл оқиға өткен жылдың соңында Халықаралық ауыр атлетика Федерациясының  зілтеміршілер Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев, Ермек Өміртайдың  допинг –сынақтарының нәтижелеріне күмәнданып, халықаралық жарыстардан шеттеткенін еске түсірді. Былтыр Хьюстонда өткен әлем чемпионатынан соң алынған сынамалардан тыйым салынған препараттар табылғаны хабарланған. Сол кезде Алмас Өтешов күміс, Жасұлан Қыдырбаев қола медаль алған, жазда Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға дайындықты бастаған-еді. Ал Олимпиадаға 4 ай қалды, біздің Федерация үндемейді. Қалай болады, не болады, тым-тырс. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп қалай солай болғанын зерттейтіндерін мәлімдеген.

Омар Мұстафин, ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы (29-желтоқсан, 2015 жыл) .

Біз спортшыларымызға допинг жеңіске жеткізбейтінін айтудан жалыққан емеспіз. Сондықтан біздің тәжірибелі спортшыларымыздың күдікке ілігіп, жарыстардан уақытша шеттетілгендерінен көңіліміз қалды. Монреал лабораториясы әлемдегі үздік зертхана болып табылады, сондықтан оның шешіміне қарсылық білдіру бүгінгі таңда мүмкін емес. Әйтсе де біз атлеттеріміздің арының таза екеніне сенеміз, оларды қорғауға ниеттіміз. Тыйым салынған препаратты спортшылардың тамағына, немесе витаминдеріне кімнің қосып бергенін табу үшін бәрін істейміз. Егер кінәлі табылса, оны спорттан қуамыз...  

Біздің тілшілер Федерацияға телефон соққанда ондағылар зерттеу жалғасып жатқанын айтқан. Негізі бәрі түсінікті – мықты үш зілтемірші Олимпиадаға бармайды. Апта соңында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының тағы бір шешімі шықты: қазақстандық штанга көтеретін Фаина Сиванбаева өмір бақи ешқандай да жарысқа қатыса алмайды. Ол допингке қарсы ережені үш рет бұзған. Еліміздің ауыр атлетика федерациясы допингке қарсы кешенді әрі ашық жұмыс жүргізбесе, оның «көлкілдеп» кетуі мүмкін сияқты...