Елордада есірткі заттарын жарнамалайтын жазулар өшірілді. Құқық бұзушылықтың алдын алу шарасын Алматы ауданының әкімдігі, прокуратурасы және полиция басқармасы ұйымдастырды. Вандализммен күрес жұмыстарына волонтерлер де үлес қосты.
Әуелі сап түзеп, бір қатарда тұрған полицейлер мен еріктілерге бояулар таратылып, наркотик және синтетикалық заттардың жарнамасын жою туралы тапсырма жүктелді. Содан соң олар екі топқа бөлініп, арнайы мекенжайларға бет алды.
МАРАТ ӨМІРБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ПБ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Вандализммен күрес бұл тек жарнамаларды бояу емес, осы шараның аясында біз тұрғындармен де кездесіп, есірткі жарнамалары туралы, оны насихаттайтын сайттар мен боттар туралы толық ақпарат бердік. Қазір Алматы ауданы бойынша 60 полиция қызметкері мен 15 волонтер есірткі жарнамаларын өшіретін болады.
Үйлердің, сондай-ақ ескі құрылыстардың қабырғаларында бұзақылықтың таңбасына айналған граффитилер, QR-кодтар, жазбалар мен суреттер жиі кездеседі. Тіпті "ақша табуға көмектесеміз" деп арбауына шақыратын жарнамаларды да көресің. Тәртіп сақшылары мен еріктілер солардың ізін жойды.
НҰРДӘУЛЕТ ЕШЕНҚҰЛОВ, АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:
Бұл тек қана құқық қорғау органдарының назарын ғана емес, сонымен қатар қоғамның, халықтың назарын осы қазіргі уақытта ең басты мәселелердің бірі нашақорлық, есірткімен күреске назарын аудару, сомен күресуге шақыру. Қазіргі уақытта аудан прокуратурасымен шамамен 700-ге жуық граффити өшіріліп, 120-ға жуық осы есірткіні, нашақорлықты жарнамалайтын сайттар немесе боттар бұғатталды қазіргі уақытта.
Еріктілердің айтуынша бұл олар күресіп жүрген вандализмге қарсы алғашқы іс-шара емес. Жазбалар мен суреттердің полиция анықтаған 15-ке жуық түрі бар десек, барлығы дерлік қаланың әр бұрышында алдарынан шығады екен. "Оларды өшіруді тоқтатпаймыз" дейді.
АЛИНА РАЗБАЕВА, ЕРІКТІ:
Қазақстанның жастарына, жалпы Қазақстанның адамдарына ол деген дұрыс нәрсе емес. Осы жерде айтылған заттар оны кішкентай балалар, подростоктар оны көруге болмайды. Біз қаланың шеткі жағында болдық, ол жерде камералар жоқ, сол себептен осындай жазулар ол жерде көп болды. Жаңағындай баллончиктермен оны кетірдік.
Айта кетейік, 2 тамызда басталған "Тоқта, вандал" акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ Астанада еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, қала тұрғындары да шараға қолдау білдіреді.