Бүгін сағат 24.00-де сайлауды байқаушыларды аккредиттеу аяқталады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 815 байқаушы аккредиттелді. 286 -сы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан, 9-ы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы миссиясынан, 75 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясынан, 14 -і Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан, 17-сі Түркітілдес елдер ынтымақтастығы Кеңесінен, 3-еуі Ислам ынтымақтастығы ұйымынан, 8-і Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясынан. 301 байқаушы ТМД Миссиясы өкілдері. Бұдан басқа 102 байқаушы шет мемлекеттен. Ал, сыртқы істер министрлігінде 29 мемлекеттен 140 журналист аккредиттелді. ТМД байқаушылар миссиясының өкілі сайлауалды насихаттау барысында ешқандай заң бұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді.
Евгений Слобода, ТМД байқаушылары миссиясы штабының жетекшісі:
Облыстарды аралап аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысу барысында айтарлықтай заңбұзушылықтарды байқамадық, әдістемелік қамтамасыз ету бойынша да, құжаттық рәсімдеу мәселесінде де сұрақтар жоқ.
Ал,16 наурызда «Хабар» телеарнасында Мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялардың пікірсайысы өтеді. Оған әрбір саяси партияның бір мүшесі ғана қатысады. Пікірсайыста жалпыға бірдей әдеп нормалары сақталуы тиіс.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Саяси пікірсайыс Мәжіліс депутаттарын сайлауда партиялық тізіммен ұсынған саяси партиялардың әрқайсысының қатысуға келісімімен өткізіледі. ОСК пікірсайыс үшін белгілеген эфир уақыты қатысуға ниет білдірген партиялар арасында тең жағдайда бөлінеді
Базаргүл ОТЫНШИЕВА