Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан - Орта Азия елдері арасында жалдамалы пәтері ең қымбат ел

Жалға берілетін пәтер бағасы тағы өсті. Соңғы үш жылда 3,5 есе қымбаттаған. Қазір үйдің ең қымбаты Алматыда. Мұнда екі бөлмелі баспананы 264 мың теңгеге жалдайсыз. Астанада да осы баға. Сонда айлығы 300 мыңнан әрі аспайтын тұрғындар қалай күн көріп жүр? Аружан Задабектің сюжеті.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір пәтер іздеген адам көп. Хабарландыру берсем жетіп келеді. Ал аз төлейтіндерді осылай қуып шығамын.
Міне, көрген күніміз осы. Біз үшін пәтерден пәтерге көшу түк емес болып қалды. Жүгімізді арқалап осылай кете береміз. Сау болыңыз!

Үш жылдың ішінде пәтер бағасы айтарлықтай өсті. Бұрын бір шаршы метр үшін 1400 теңге алса, қазір 5 мыңның айналасы. Әсіресе қымбатшылық Алматыда байқалады. Екі бөлме үшін шамамен, 264 мың теңге төлейсіз. Елордада 230 мың. Ал ең арзан баға қазір Тараз бен Түркістан қалаларында.

БЛИЦ-САУЛНАМА:

- Бір бөлме 30 кв/м жетпейді, 145-150 мыңдай шығады ғой айына. Жартысынан көбі пәтерге кетеді. Одан кейінгісін каспи редке продукты алуға тура келеді. Ары қарай бір айың бір айыңа жетпейді. Почти что минусқа кетесің.
- Үйде бір адам жұмыс істейді. Бір адамның айлығы жете бермейді.
- Мен 150 комуслуга төлеймін. 2 баламен тұрамын. Менің ойымша қымбат деп ойлаймын.

Қазақстан - Орта Азия елдері арасында жалдамалы пәтері ең қымбат ел. Баспананың ең арзаны – Түрікменстанда. Ашхабадта 40 шаршы метрлік бір бөлмелі үйді орташа есеппен 240 долларға жалға алуға болады. Тәжікстан астанасы Душанбеде 360 доллар болса, Ташкентте 420 доллар. Ал, ең жоғары баға біздің елорда мен Бішкекте тіркелген. Бір бөлменің өзін 520 долларға жалдайсың.

АЙДОС ОҢЛАСЫНОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ МАМАНЫ:

Жалдамалы тұрғын үйге деген сұраныс соңғы аптада 2 есе артты. Осыған байланысты пәтер құны да өсті. Өзгеріс алдымен Алматы қаласында байқалды. Елордада да баспана бағасы арзан деуге келмейді.

Кейде бұндай бағаны қайдан алады деп ойланасың. Айдан ала ма, сайдан ала ма, белгісіз. Білетініміз бір, бұл халыққа тиімсіз. Негізі үйін жалға беретіндер мемлекетке салық төлеуі тиіс. Оның құны, шамамен – 18 мың теңге. Шетелде осы салық үй иесінің бағасына сай өзгереді. Яғни, қымбатқа берсе төлейтін теңге көлемі де артады. Ал, бізде, бәріне бір баға. Сондықтан экономистер бізге де шетелдің тәжірибесін қолдануды ұсынып отыр. Сонда ойына келген құнды сұрайтындардың аузына құм құйылар еді, - дейді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Бізде, мысалыға, 600 мың-700 мыңға квартира беретіндер бар. Табыс тауып отыр. Таза табыс тауып отыр. Бірақ та олардың салық органдарының алдында тіркелгендері упрощенка дейміз, яғни, жеке кәс іпкер ретінде тіркелген. Айына 18 мың теңгенің көлемінде ғана салық төлейді. Жарты жылда бір рет төлейді. Болды. Ол бір квартира берсін, 20 квартира берсін бірдей.

Енді есептеңіз. Елдегі орташа жалақы - 382 279 теңге. Ресми ақпарат осы. Шын мәніне келгенде айлығы 200-300 мыңға жетпейтін тұрғын көп. Сонда олар тапқан бар табысын өзгенің қалтасына құйса, ас-суы мен киім-кешегіне теңгені қайдан табады? Қызық... Соған қарамастан Қазақстан құрылысшылар одағы жалдамалы үйдің бағасын тағы көтеруді ұсынып отыр.