Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада нейрохирургтер мен акушерлер ананың және жаңа туған нәрестенің өмірін бір уақытта құтқарды

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2024
  • 279

Елорда дәрігерлері өз тәжірибесінде көптеген қиындықтарға тап болады, алайда бұл жағдай ерекше болды. Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургтері мен Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының акушер-гинекологтары бір мезетте екі күрделі операция жасады: 38-аптадағы жүкті әйелге миындағы алып ісікті алып тастау және кесарь тілігі арқылы босандыру. 

Науқас, Ақмола облысының тұрғыны, биылғы жылдың шілде айында тұрғылықты жері бойынша дәрігерлерге көру қабілетінің нашарлауына, оң көзінде жайсыздық сезіміне, әлсіздікке және шаршағыштыққа шағымдана барып қаралған. Әйелге мидың МРТ зерттеуі жасалып, нәтижесінде көңіл көншітпейтін диагноз қойылды: хиазмальды-селлярлы аймақта 5х5х6 см өлшемінде, маңдай бөліктеріне таралған үлкен ісік анықталды. Бұл ми аймағы көру қабілеті мен ағзаның гормондық реттелуіне жауап береді. Бұл аймақтағы ісіктер көру қабілетінің бұзылуына, көру жүйкесінің қысылуына және гипофиз жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін, сондықтан мұндай жағдайларда хирургиялық араласу аса күрделі әрі дәлдікті талап етеді. 

Науқастың ауыр жағдайына байланысты елдегі жетекші мамандардың қатысуымен еліміздің бас нейрохирургі Серік Ақшолақовтың басшылығымен шұғыл консилиум ұйымдастырылды. Науқасты шұғыл түрде Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқызып, операция жасау туралы шешім қабылданды. 

Науқас пен нәрестеге асқыну қаупі жоғары болғандықтан, нейрохирургтер, акушер-гинекологтар және анестезиологтардан құралған дәрігерлер тобы емдеуді кезең-кезеңімен жүргізу тактикасын таңдады. Алғашқы кезеңде кесарь тілігі арқылы босандыру сәтті өтіп, сау қыз бала дүниеге келді. Босандыру аяқталғаннан кейін дәрігерлер бірден мидың алып ісігін алып тастау бойынша екінші кезеңді бастады. 

Нейронавигациялық жүйені қолдана отырып, шамамен сегіз сағатқа созылған микрохирургиялық операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражаты есебінен жүргізілді. Операция барысында ең күрделі міндеттердің бірі – көру жүйкесі мен ұйқы артериясының зақымданбауын қамтамасыз ету болды, өйткені олар ісікке өте жақын орналасқан. Хирургтардың дәл әрі шебер жұмысының арқасында бұл қауіп барынша азайтылды. 

Қазіргі уақытта ана мен жаңа туған нәрестенің жағдайы жақсы. Науқастың көру қабілеті біртіндеп қалпына келуде. Әйел Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандарының бақылауында, ал оның қызы Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында бақылауда. 

Операцияны ми патологиясы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұржан Рыскелдиев, нейрохирургтер Мұратбек Тілеубергенов және Дәурен Баймұханов, сондай-ақ тәжірибелі анестезиологтар мен акушер-гинекологтардан құралған мультидисциплинарлық дәрігерлер тобы жүргізді.