Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұғалімдерге қымбат сыйлық сыйлағандар жауапқа тартылуы мүмкін

Ұстазға құрмет – шәкіртке міндет. Қолына қалам ұстауға үйретіп, әліппиді жаттатқызған жандар қандай да болсын сый-сыяпатқа лайық. Алайда қазір мұғалімдер шәкіртінен гүл аламын деп жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, ұстазға арналған гүл не сыйлықтың құны 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінен аспауы тиіс. Бұған халықтың пікірі қандай? Тілшіміз Мөлдір Жақан білді. 

Ұстаз-ұлы есім. Ғылым иесі ғалым, ел қорғаған батыр, тілінен бал тамған ақын да, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Ал оларға сыйлық сыйлауға қатысты халықтың пікірі екіге бөлінді. Бірі мұғалімдердің еңбегін жоғары бағалап, сыйлыққа ақшаны аямау керек десе, енді біреуі бұған түбегейлі қарсы.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен ойлаймын дұрыс емес деп сыйлық сыйлаған, өзіме ұнамайды.
- Иә, береміз, сыйлаймыз. Класспен қосылып сыйлаймыз, өзіміздің атынан да сыйлаймыз.
- Положительно қараймын. Олардың еңбегінің теңдесі жоқ біле білген адамға. Бала оқытқанға не жетсін.
- Негізі заңға жүгінген дұрыс. Заңда солай айтылса, қажет емес. Тек заңмен жүрсе, болды, бәрі дұрыс болады.

Заңда сыйлыққа берілген гүлдің құны 18 мың 460 теңгеден асатын болса және мұғалім сый берушінің пайдасына қарай әрекет етсе, Қылмыстық кодекстің 247-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Сондықтан дүкендердегі көздің жауын алатын гүл шоқтарының кез-келгенін таңдай алмайсыз. Айтпақшы, ондағы бағалар да әртүрлі.

Мен қазір қаладағы гүл сататын дүкендердің біріне келдім. Ақерке ханым, мына гүлдеріңіз, шыны керек, өте әдемі екен. Бағалары қанша?

АҚЕРКЕ МҰНТҰРҒАНОВА, КӘСІПКЕР

Бағалары әртүрлі. Тапсырысқа байланысты, гүлдің келген мемлекетіне байланысты. Негізі, бір композицияның бағасы 3 мыңға дейін барады. Мереке күндері одан да жоғары болады.
Мереке демекші, алда ұстаздар күні келе жатыр. Қолыңыздағы гүлдер қаншадан? Бұл раушан голландық раушан деп аталады. 20 мың теңге.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Қараңыздаршы, қандай әсем гүлшоқтары. Дәл осыны ұстазыма сыйлағым - ақ келіп тұр, бірақ заң бәріне бірдей. Бастысы көңіл емес пе? Сондықтан осы бір тал раушан гүлін алсам ба деймін.

Иә, ұстаз үшін шын жүректен сыйлаған гүлден артығы жоқ. Оның бағасы, сыйлықтардың құны – маңызды емес. Айгүл Қашаева – 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім. «Ең басты сыйлық-шәкірттердің шынайы ықыласы, махаббаты»,- дейді ол.

АЙГҮЛ ҚАШАЕВА, АБАЙ АТЫНДАҒЫ №87 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Белгілі бір ереже бар, заң бар, оған бағынамыз. Бірақ дегенмен де кейбір ата-аналар өздері сыйлық бергісі келіп жатады, гүл беріп жатады. Бірақ біз алдын ала әрбір жиында ата-аналарға да, ұстаздарға да, оқушыларға да ескертіп жатамыз. Бастысы сыйлық емес, оқушылардың жеткен жетістігіне марқайып, жылы сөз естіп жатсақ, біз үшін үлкен бақыт сол деп білемін.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сыйлық беруші жауапқа тартылмайды. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі түзету жобасын әзірледі, ол қазір мәжілісте қаралып жатыр.