Русский Сайттың толық нұсқасы

Техника тапшы: Жамбылдық диқандар өнімді қолмен теруге мәжбүр

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2024
  • 96

Жамбылдық диқандар биыл мол өнім алып жатыр. Әзірге қант қызылшасы мен картоп рекордтық деңгейде шықты. Бірақ аймақта мол дақылды жинайтын техника тапшы. Сондықтан шаруалар жүздеген адамды жалдап, өнімді әлі күнге дейін қолмен теруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аймақтағы ең ірі картоп егетін шаруашылықты Керімқұл Бегалиев басқарады. Оның 15 техникасы болса, соның 14-і ескі. Соның өзін шаруа 15-20 жылдан бері қолданады. Ескірген агротехниканы ауыстырғысы-ақ келеді. Бірақ мемлекеттік қолдаумен алынған тракторлардың тым қымбат. Сондықтан амалсыз 70 гектарды игеру үшін, жылда адам күшіне жүгінеді.

"7 жылда 18 млн теңгеге несиеге алған техника 42 млн теңге болады. Бұл шаруаға тиімсіз. Әр жылы тапқаныңының бәрін техникаға құйып отырасың. Жеті жылда комбайнның өзі де ескіреді", – деді шаруа қожалығының басшысы Керімқұл Бегалиев.

Күн-түн демей егістік басында жұмыс істеген техниканың жарамдылық мерзімі 10-15 жыл ғана. Бірақ аймақтағы шаруалар шаруашылығын жүргізу үшін 25 жылдан асқан техниканы жөндеп жүргізуге мәжбүр. Себебі шағын қожалықтардың қымбатқа түсетін техниканы алуға шамасы жетпейді.

"Егін егіп жатқан кезде бұзылып қалады. Алып келіп салам дегенше, 1 апта өтеді. Шаруаның бір күндік еңбегі – бір жылдық азығы ғой", – деді шаруа Данияр Дәулетұлы.

Облыста 10 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар деген мәлімет беріліп келген. Бірақ жалған ақпарат болып шықты. Аймақ атқамінерлері «техникамыз түгел» деп Үкіметке жылда жалған есеп жасап жүрген. Қазір тізімде бар, бірақ өзі жоқ жарамсыз техника саны 4 мыңға жеткен.

"4 мың техника мүлдем жарамайды. Иесі жоқ. Техниканың қағаз түрінде аты бар да заты жоқ. Сондықтан 9600 техниканың 4 мыңын есептен шығардық", – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев

Ауыл шаруашығы басқармасындағылар «агротехникаға берілетін несие мөлшерлемесін төмендету керек» деп ұсыныс жасаған. Бірақ «Қазагродан» да, министрліктен де жауап жоқ. Үкімет жүктеген міндеттемеге сәйкес, аймақтағы агротехника жыл сайын 5,5 пайызға жаңаруы керек. Бірақ несие мөлшерлемесі мемлекеттік деңгейде қаралмайынша, шағын шаруашылықтар жаңа техникаға қол жеткізе алмайтыны анық.