Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада ер мұғалім бастауыш сыныптарға 18 жылдан бері жетекшілік етіп келеді

Елімізде 93 мыңнан астам ер педагог бар. Олардың дені еңбек, дене шынықтыру, тарих сынды пәндерден сабақ береді. Ал бастауыш сыныпқа жетекшілік ететін ер мұғалім туралы естідіңіз бе? Астанада 1 сынып оқушыларына әріп пен сан үйретіп жүрген ағай бар. Ол 20 жылға жуық уақыттан бері тек бастауыш сыныпқа сабақ береді. Ұстаздың сабағына әріптесім Динара Жақсыбайқызы қатысып қайтты. 

Мұғалім Бекболат Уәли 18 жылдан бері бастауыш сыныпқа жетекшілік етіп келеді. Биыл алтыншы мәрте бірінші сынып оқушыларын қабылдаған. Ең алғаш еңбек жолын Қостанай облысында бастапты. Кейін елордаға қызмет ауыстырған. Алғашқыда бастауыш сыныпқа мұғалім боламын деп ойламаған. Алайда оқуға құжат тапсыру кезінде осы бағытқа қызығушылығы артқанын айтады.

БЕКБОЛАТ УӘЛИ, М. МАҚАТАЕВ АТЫНДАҒЫ №74 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ МҰҒАЛІМІ:

Мектеп табалдырығында жүргенде мұғалім болсам деп ойлайтынмын. Өзіме ұнайды кішкентай балалардың келгені. Өйткені бұл балалар бірінші сыныпқа келгенде өздеріңіз білесіздеролар әлі жазуды дұрыс білмейді, оқуды білмейді, есеп шығаруды білмейді. Сондықтан біз ең бірінші мұғалім, алғашқы ұстаз оқушының есінде қаламыз деп ойлаймын. Сондықтан осындай шәкірттермен жұмыс істеп жатқаныма өзім қуаныштымын.

Мұғалімнің тек өзі емес, оқушылары да риза. Олар бір-бірімен жарысып ағайын жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Біздің мұғаліміміз жақсы. Бізге ұрыспайды. Бізге білім береді. Бізді асханаға апарады.
- Мен ағайды қатты жақсы көремін.
- Менің ағайым күшті, білім береді бізге. Ертең өскен соң мұғалім боламын мен де.
- Біздің ағай жақсы. Сабақты жақсы оқытады.

Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылардың мұғалімге деген құрметі, оны жақсы көруі кімнің болсын жүрегін елжіретеді. Ал ұстаздың сабақ беру тәсілі мен осы мамандықты қалап келуі әріптестерінің таңданысын туғызуда.

РОЗА ЖҰМАБАЕВА, М. МАҚАТАЕВ АТЫНДАҒЫ №74 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ МҰҒАЛІМІ:

Осындай бір қиын да, қызықты мамандыққа ер азаматтың келіп, балаларға дәріс берудің өзі ерекше. Сондықтан да 1 қыркүйекте біздің бастауышқа ер азамат келді дегенде өзім іштей таңғалдым.

Мектеп басшылығы ер адамның бастауыш сыныпқа жетекшілік етуі үлкен ерлік, дейді. Бала тәрбиесімен көбіне аналары айналысатынын ескерсек, ер мұғалімнің білім беруі құптарлық іс екенін айтады.

ЛЕНА ОМАРХАНОВА, М. МАҚАТАЕВ АТЫНДАҒЫ №74 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бастауыш сынып деген ең жауапты, қиын да, қызықты мамандықтың бірі. Ал енді бастауышқа өзінің шын ақкөңіл ниетімінен өзінің талпыныс, құлшынысымен келген Бекболат Мейрамұлы үлкен ерлік жасады деп есептеймін. Құндылыққа негізделген тәрбиені ол кісінің әрбір сабағынан байқауға болады.

ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

35 оқушыны өзіне қаратып, олардың толыққанды білім алуына барын салып жатқан Бекболат мұғалімнің еңбегі зор. Әр үйдің еркесін тыңдап, олардың дамуына сүбелі үлес қосып жатыр. Бір орында отыруға бейімделе қоймаған балаға 3 сағат білім мен тәрбиені қатар беру қиынның қиыны.