Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектеп пен үйдің арасындағы қауіпсіздікке кім жауапты?

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2024
  • 291

Қадағалаудың күшейгені қуантады. Десе де, бала қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Биыл 8 айда балалардың қатысуымен 4 жарым мыңнан астам жол апаты болған. Бес мыңы жарақат алса, 200-ден астамы көз жұмды. Көрсеткіш өткен жылдан 7 пайызға көп. Балаңыз мектептен үйге қалай келіп жүр? Осы екі аралықты кім бақылауда ұстау керек? Еркелді Тілеуқұл айтып береді. 

Мектептің барлығы оқушылардың үйіне тиіп тұрған жоқ. Автобуспен қатынайтындары да бар. Барлығын ата-анасы жетектеп әкелмейді. Бірінші сыныптағыдан басқасы өздері келеді, білімін алып, үйіне қайтады. 

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Көптеген жағдайлар болады. Көлік жүргізушілері баланы көрмей тұрып, тоқтамай өтіп кетуі мүмкін. Бала бір бұрыштан шығып қалуы мүмкін. 
- Сақтансаң, сақтайды, - дейді. Сақтанып жүрмесең, сондай оқиғалар болады. Енді ол әр адамның басында болған шығар деп ойлаймын. 
- Бірақ қыста мынандай бағдаршамдардан жүгіріп өтуге болмайды. Көп оқушы оны түсінбей, жүгіріп өтеді. Көліктің тежегіші жұмыс істемей қалуы мүмкін. 

Балалар бағдаршамның жасыл түсі түгілі қызылына да қарап жатқан жоқ. Шалалыққа салып, жүгіріп өтуде. 

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Міне, дәл қазір менің артымда бірінші ауысымда оқитын оқушылар үйіне қайтып, екінші ауысым балалары енді мектепке келіп жатқан кез. Дәл осы қиылыста полиция қызметкері жол қауіпсіздігін бақылап тұр екен.

ЖАЛҒАС ТҰРЛЫБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ПОЛКІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Ондай жағдайда, бүлдіршіндердің ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Оқушылардың өздеріне мектепке келіп, дәріс береміз. Бағдаршамның қызыл және сары шамына өтуге рұқсат етілмейді. Дегенмен, соның өзінде, тек жан-жағына қарап өту керектігін ескертеміз. 

Жол белгілері барлық білім ордаларының жанында болуы керек. Бұл біріншіден қауіпсіздік үшін қажет. Бірақ мектептің барлығы толық қамтылмаған. 

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жалпы алғанда, жол – өте қауіпті аймақ. Ешқандай қателікті кешірмейді. Бүкіл Қазақстандағы мектептердің 80 пайызы барлық жол жүрісі белгілерімен Сәйкесінше, жасанды кедергілермен, жарықпен, жаяу жүргіншілер жолақтарымен жабдықталған. 

Әдетте, үйде баланың қауіпсіздігі үшін ата-ана жауапты болса, мектептегі қауіпсіздік – білім ордасының құзыретінде. Ал, екі ортадағы жол – бүлдіршіндерді қорғаудағы ең осал аймақ. Оған кім жауапты?

БЕКСҰЛТАН БАСЫҚАРА, №93 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Екі ортада бірлескен шараны талап етеді. Қазіргі уақытта мектеп пен ата-аналардың байланысын күшейтуді жоспарлап отырмыз. Осы уақытта жүзеге асырып жатырмыз. Егер ата-ана мен бала бірлесе қимыл етпесе, балаға да әсер етеді. Сондықтан, біз біреуді кінәлауды емес, шаралардың алдын-алуға жұмыс жасауымыз керек. 

Иа, кінәлі тарапты іздеп емес, бірлесе жауапкершілікті күшейту маңызды.