Русский Сайттың толық нұсқасы

14 немере, 30 шөбересі бар: Түркістан облысының ең қарт тұрғынына құрмет көрсетілді

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2024
  • 198

Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Халықаралық қарттар күні мерекесі аясында жасы 100-ден асқан әжелерге сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Серік Мамытов Түркістан облысының ең қарт тұрғыны, 110 жастағы Унгай Бегбаеваның шаңырағына барды. 1914 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген әжей бүгінде Қарақай ауылдық округінің Қ.Сәтпаев елді-мекенінде тұрады.

1926 жылдан бастап еңбекке ерте араласқан кейуана ауыл шаруашылығы саласында мақта теріп, қолмен канал қазған. Колхоз-совхоздарда табанды еңбек етіп, жеткен жетістіктерімен өзгелерге үлгі болған. Қазір Унгай әжей 5 перзентінен 14 немере мен 30 шөбере сүйіп отыр.

Аудан басшысы Қазыбек би ауылдық округі, Жамбыл елді мекенінің тұрғыны 1922 жылы Түркістан ауданында туған Қалдан Қадырбекованың да шаңырағына барды. Бүгінде 102 жасқа толған Қалдан апа 1939 жылы Киров ауданына отбасымен канал қазуға көшіп келіп, осында тұрақтап қалған. Өзінен туған 8 перзенттен 40 немере, 60-қа жуық шөбере мен шөпшек сүйіп отыр.

Ал Жетісай қаласының тұрғыны Гүлсім Ақшаева 1922 жылы дүниеге келіп, 13 перзентінен 40-тан астам немере-шөбере сүйіп отыр. Белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысып, кейіннен Екінші дүниежүзілік соғыста қан майдандағы жауынгерлерге қолынан келгенше көмек берген әжей соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан. Айтулы күнді ескеріп, арнайы құттықтап барған аудан басшысына ардақты аналар алғысын білдіріп, баталарын берісті. Алдағы атқарар істеріне сәттілік тілеп, елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың бұзылмауын қалайтынын жеткізді.

Жетісай ауданында тіркеуде тұратын 17624 зейнеткердің 1-і Ұлы Отан соғысының қатысушысы болса, 287-сі тыл ардагерлері, 8-і Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар ардагерлерінің жесірлері, 8-і 100 жастан асқан қариялар, 262-сі еңбекке жарамсыз жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтар.