Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәслихат депутаттары өңірлердегі өзекті мәселелерді көтерді

Форумынан соң мәслихат депутаттары панелдік сессияларға қатысты. Онда олар министрлерге өңірлердегі өзекті мәселелерді жеткізді. Сұрақ-жауап форматындағы жиынның бір бөлігі Ұлттық Музейде өтті. Онда "Инфраструктуралық даму және өнеркәсіп" бағытындағы мәселелер қозғалды. 

Мәслихат депутаты – өз аймағының көзі, құлағы һәм тілі болуы керек. Президент берген басымдықтан соң жергілікті мәслихат депутаттары шабыттанды ма, панелдік сессияда сөз бермеді. Олар өздерінің мәселелерін министрлерге қарша боратты.

Шу ауданында көгілдір отынынан бөлек, жылу, кәріз жүйесі, ауыз су мәселесі де әлі күнге дейін шешілмеген екен. Мәселе шаш етектен болып кетті ме, Премьер-министр орынбасары барлығын көзбен көріп, тексеремін деп бір-ақ қайырды.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тексерейік оны және жылу жүйесінде тексеретін боламыз. Өз басым бір айдан кейін Жамбыл облысына барам. Нақты Шуға келіп кетем онда. Тексереміз, қараймыз, қолға аламыз.

Мәслихат депутаттарын жол кептелісі де алаңдатып отыр. Түркістан облысына қарасты Сарығаш пен Қызыләскер елді-мекені арасына айналма жол керек. Бұл мәселеден министр хабарым бар дейді.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Біз Азиялық даму банкінен қаржы көзін нақтыладық. Ақшасы шешілген. Конкурс жарияланады. Яғни құрылыс келесі жылы басталады.

Мәслихат депутаттары арқалағанымыз алтын, жегеніміз жантақ десек артық айтпаймыз дейді. Сөздерінше, Президенттің мәслихат депутатарына берген басымдығы, өңірлердің өркендеп өсуіне өз үлес қоспақ.

АЛТЫНСАРИН ҮМБЕТАЛИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Бізге басымдық жасап, мынау халықтың құлағы, шыныменде мынау халықпен ортадағы , халық пен биліктің арасындағы мәселелердің оңтайлы шешуіне, бізге мүмкіндік берді.

Жүзге тарта мәслихат депутаттары қатысқан панелдік сессияда, мыңға тарта мәселе көтерілді. Арқаға арқаланып келген депутаттар, осылайша аманаттарын діттеген жерге жеткізуге мүмкіндік алды.