Жұмыстан үш күн демалыс алып, денсаулығыңызды тексеріп алыңыз. Жалақыдан қағыламын деп қорықпаңыз. Кез келген қазақстандық жұмыс берушіден скринингтен өту үшін әлеуметтік демалыс алуға құқылы. Тәртібін Еркелді Тілеуқұл түсіндіріп береді.
Қала тұрғыны Риза Қабылдина жыл сайын скринингтік тексерсуден тұрақты түрде өтеді. Денсаулығына ден қояды. Емханаға келу үшін жұмысынан сұранып келіпті.
РИЗА ҚАБЫЛДИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Денсаулығым үшін, болашағым үшін алаңдаймын. Қазір оқып, көріп жатырмыз. Көптеген аурулар жасарып келе жатыр екен. Сондықтан, алаңдағаннан кейін тексерілуге келдім. Әрине, бұл дұрыс шешім болды.
Тексерілемін дегенді барлық басшы босата бермейді. Жұмысты сылтау қылып денсаулығына салғарт қарайтындар көп. Негізі кез келген адам бір жылда үш күн әлеуметтік демалыс алуға құқылы. Бұл Еңбек кодексінің 87-бабы, 1-тармағының 2-тармақшасында жазылған.
ӘСЕЛ ХАСЕНОВА, С.ҚАЙЫРБЕКОВА АТЫНДАҒЫ ҰҒДСДО МЕДИЦИНАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ АЛҒАШҚЫ КӨМЕК РҒПО БАСШЫСЫ:
Емханаға бару үшін 3 күнге бірдей сұранып кету деген сөз емес. Бірінші күні 2 сағатқа сұраныңыз. Екінші күні, бәлкім, 3 сағат уақыт кетер. Заңға қарасақ, жылына 24 сағатты денсаулыққа толығымен арнауға болады.
Айта кетсек, қатерлі ісік дертінен былтыр 13 мыңға жуық адам қаза тапқан. Статистикаға сенсек, ең көп таралғаны – сүт безі обыры. Скринингтен өткендердің шашамен 6 пайызынан қатерлі дерт анықталады екен.