Русский Сайттың толық нұсқасы

"Саяси науқанды ұйымдастыру деңгейі жоғары", - халықаралық бақылаушы

Референдумның ашықтығын 177 бақылаушы қадағалады. Олар- 30 мемлекет пен 4 халықаралық ұйымның өкілдері. Халықаралық бақылаушылар біздің сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ саяси науқанды 200-ден астам шетелдік журналист таспалады. 

Референдумдағы дауыс беру жүйесі өте тиімді. Халықаралық бақылаушы Дональд Палмер осылай деді. Америкалықты әсіресе дауыс берушілерді тіркеу процесі мен бюлетеньдерді салуға арналған жәшіктің түссіз екені қызықтырған. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі үшін жасалған жағдайдың да көңілге қонымды екенін айтты.

ДОНАЛЬД ПАЛМЕР, АҚШ-ТАҒЫ САЙЛАУҒА ЖӘРДЕМДЕСУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ВИЦЕ-ТӨРАҒАСЫ:

Дауыс беру кезіндегі түссіз жәшік көп елде жоқ. Біздің АҚШ-тың да тәжірибесінде болған емес. Оның түссіз болатыны маған ұнады. Жалпы 4-5 референдум учаскесінде болдым, халық белсенді екен. Әсіресе осындай маңызды шараға жанұясымен төрт көзі түгел боп келгендер мені тәнті етті.

«Саяси науқанды ұйымдастыру деңгейі жоғары», дейді халықаралық бақылаушы Игорь Карпенко. Таңнан бері 4 референдум учаскесін аралаған ол дауыс берушілерге барлық жағдай жасалғанын айтады. Сондай-ақ бақылаушылар тарапынан ешқандай шағым жоқ екенін жеткізді. Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрағасы таңертең дауыс берушілер қатары аз болғанымен, түскі уақытта халықтың қарасы көбейгенін айтты.

ИГОРЬ КАРПЕНКО, БЕЛАРУСЬ ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Халықаралық бақылаушы ретінде әртүрлі елдерге барамыз. Бірақ мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Қазақстан бұл референдумға аз уақыттың ішінде тыңғылықты дайындалған

Шетелдік сарапшылар саяси науқанның халықаралық міндеттемелеріне сай болғанын айтты. Сондай-ақ, референдумның ашық, еркін және заңды болғанын жеткізді. Олар бақылған учаскелерде бірде-бір құқық бұзушылық болмаған.