Бұл референдумда ел тұрғындарының әзіл-қалжыңы ерекше байқалды. Еліміздің түкпір-түкпірінде дауыс берушілер ерекше «шоу» жасап жарысты. Бірі супер қаһарманның кейпіне енсе, енді бірі үйдегі халатымен келіп таңқалдырды. Тайландтық ақ келіннің де таңдау жасағанын көрдік. Әріптесім Аружан Задабек әлеуметтік желіде тараған қызықты сәттермен бөліседі.
«Атың шықпаса жер өрте». Учаскеге суперқаһарман киімін киген жастар электромобильмен келді. Олардың қатарында: Дедпул, Джокер, Капитан Америка, Бэтмен мен қазақтың батыры және ұлттық киім киген ару бар.
Қаһармандардан Гарри Поттер де қалыспады. Сиқырлы таяқшасын қолына ұстаған тұрғын креативімен көзге түсті.
РУСЛАНА ҚАРПЫҚОВА, СТУДЕНТ:
Саяси науқанда адамдардың көңіл-күйін көтергім келді. Жастар үшін бұл референдум – жаңашылдық.
Ал мына қыздың киім үлгісі ешкімді таңқалдырмай қоймады. Бұған дейін ешкім маңызды шешім қабылдауға халат пен «тәпішке» киіп келген адамды көрмеген шығар.
Бәрі бірдей емес. Сұлуланып, сәнін келтіріп келгендер де жетерлік. Мәселен, оралдық арулар ұлттық киімдерін киіп, бастарына тәж тағып келіпті. Жақында ғана сұлулық байқауында орын алған қыздар қазір республикалық сайысқа дайындалып жатыр екен. Үлкен жарыстың алдында шеберліктерін сынап алайын деді ме, қайдам, әйтеуір жұрт алдында «мода» да көрсетті.
АЛМА ХАБУЛОВА, МИСС ОРАЛ-2024:
Мен бұны тарихи науқан дер едім. Бұл әр қазақстандық үшін маңызды.
Референдумнан оралдық байкерлер қауымы да қалыс қалмады. Өздері топ құрған олар мотоцикл мен квадроциклдерімен колонна боп тізіліп, бір мезетте дауыс берді.
ИЛЬЯ КИЗИЛОВ, БАЙКЕР:
Біз көктемгі су тасқыны кезінде жерлестерімізге көмектестік. Құм салынған қапшық тасыдық, ауыр жұмыстан қашпадық. Бүгін үлкен таңдау алдында тұрған елдің азаматы ретінде өз таңдауымызды жасадық.
Бірнеше ай бұрын желі қолданушыларының назарын аударған Тай келіні естеріңізде ме? Ақтаудың ақ келіні атанған Суфафон Хонгчетхем де жолдасымен ел үшін маңызды оқиғаға атсалысқан.