Референдумгүл, Референжан, Атомбек. Саяси науқан күні дүниеге келген сәбилерге осындай есімдер қойылуы мүмкін. Шақалағын шаттанып бауырына басқан аналар перзентханада дауыс берді.
Алғашқылардың бірі болып, егіз сәбиін дүниеге алып келген көпбалалы ана Талшын Әмірғалиева дауыс берді. Махамбет ауданының тұрғыны Саида және Самир есімді перзентін қыркүйектің ортасында құшағына алған.
ТАЛШЫН ӘМІРҒАЛИЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА;
Мерзімінен ерте босанып қалдым. 1 келі 500 және 1келі 400. Қазір Аллаға шүкір, балаларым қасымда. Салмақ қосып жатыр. Бейбарыс ауылында тұрамын. Сол жақтың келінімі.
МЕЙРАМГҮЛ МҰХАМЕДИЯРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Осы тарихи сәт, референдум сәті өмірімге нәресте әкелуімізбен тұспа-тұс келгеніне байланысты алғаш рет мен осылай перзентханада дауыс беріп тұрмын. Бұл біз үшін, балаларымыздың болашағы үшін маңызды. 6-шы баламды дүниеге алып келіп тұрмын.
Комиссия мүшелері толғақ қысқан және босанғанына екі сағат болмаған келіншектерге босану бөлімшесіне дауыс беру жәшігін алып барды. Жалпы, Атырау облысында түс болмай жатып, 10 нәресте дүние есігін ашса, аналары да бірден саяси науқанда таңдауын жасады.
АЙНҰР ЖҰМАҒАЛИЕВА, №22 УЧАСКЕЛІК РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Барлық жағдай жасалған. Босанушы, босанғанға дейінгі аналарға арналған. Босанушылар саны жылдан жылға артып келе жатыр. Және әр ана өзінің болашағы үшін, балаларының болашағы үшін дауыс беруге белсенді. Және бұл жөнінде дауыс беру жөнінде алдын ала аналалармен кездесіп, дауыс беру шартын түсіндірілген болатын.
Ал, елімізде өткен референдум күні Алматы облысында 71 сәби дүниеге келді. Оның 35 - і - қыз, 36-сы-ұл бала. Бас қалада 40-тан астам нәресте туды.