Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қаражат жинау туралы мәлімет тарап жатыр": Қарағандыда отқа оранған аудан әкімі үндеу жасады

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2024
  • 191

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов Instagram желісіндегі парақшасында жерлестеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аудан басшысы алдымен жерлестеріне өрт сөндіру жұмыстары туралы ақпарат берді.

"Құрметті аудан тұрғындары! Өздеріңізге мәлім, ауданымызда үлкен дала өрті болып жатыр. Осы өрт сөндіру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру үшін Теректі ауылында жедел штаб құрылған. Мен және облыс әкімінің орынбасары осы жердеміз. Жалпы өрт сөндіру жұмыстарына 386 адам, 64 техника, сонымен қатар, ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары жұмылдырылған", - деді ол.

Артынша Әділжан Арғынов әлеуметтік желілерде өрт сөндіру жұмыстарына қатысты жалған ақпарат тарап жатқанын айтты.

"Қадірлі жерлестер! Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде көмек көрсету немесе қаражат жинау бойынша әртүрлі мәлімет тарап жатыр. Осыған орай, жауапты мамандар үйлестірмеген немесе ұйымдаспаған көмектер дұрыс емес екенін ескерткім келеді.

Қазіргі таңда барлық қажетті күш құралдарымыз жеткілікті. Сарбазадарымыздың тамағы, демалатын орындары, сонымен қатар, жанар-жағармай материалдары толық қамтамасыз етілген. Сондықтан қазіргі таңда барлық өрт сөндіру жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылған", -деді ол.

Осы ретте аудан әкімі тұрғындарды сабырлыққа және жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.