Петропавлда жеке тұрғын үй секторында өрт шығып, оқиға орнынан үш адамның, соның ішінде үш жасар қыздың мәйіті табылды, деп хабарлайды Astana TV.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт Жұмысшы кентінде 6 қазан күні таңғы сағат 3:00 шамасында шыққан. Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде жеке тұрғын үйдің аумағындағы екі тұрғын үй және бір шаруашылық нысаны отқа оранып, лапылдап жанып жатқан. Бұл үйлерде 4 адам тұрған екен.
Өртті сөндіру барысында 2021 жылы туған қыз баланың, 1979 жылы туған ер адамның және 1985 жылы туған әйелдің денелері табылды.
Өртті сөндіруге өрт сөндіру қызметінен 20 адам және 6 техника қатысты. Өрт сағат 5.00 шамасында толығымен сөндірілді. Өрт шыққан жердің жалпы аумағы 84 шаршы метр. Екі тұрғын үй және бір шаруашылық нысаны толық жанып кетті. Қазір өрттің шығу себебі мен келтірілген залал көлемі анықталып жатыр.