Қарағанды облысында табиғи өрт оқшауланды. Отқа оранған аумақтың көлемі қазір анықталып жатыр. Жүздеген адам тілсіз жаумен күресті. Шөптікөл ауылында 5 адам күйіп қалды, зардап шеккендердің біреуінің жағдайы ауыр.
Тілсіз жаумен 5 жүзден астам адам күресіп жатыр. 81 техника жұмылдырылды. Бүгін аудан әкімі жұрттың үрейін ұшырған төтенше жағдайға байланысты тұрғындарға бейнеүндеу жолдап, жағдайды баяндады.
ӘДІЛЖАН АРҒЫНОВ, ҚАРҚАРАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қарқаралы ауданындағы барлық өрт ошақтары оқшауланды. Осы өртпен күресуге атсалысқан өзіміздің жерлестеріміз, азаматтарымыз өрт сөндірушілерге көптен көп Рақмет! Алыс- жақыннан келіп жатқан құрқарушы, сарбаздарға Рақмет! Осы жұмыстардың барлығын үйлестіріп ұйымдастырған барлық басшыларға алғысымызды білдіреміз”.
Әкімнің айтуынша, жолдың бойы таза. Кез келген техника елдімекендерге жете алады. Сондай- ақ мал шығыны жайында әзірге ресми ақпарат жоқ. Алайда Шөптікөл ауылында өрт сөндіру кезінде 5 адамның зардап шеккені белгілі. Күйік шалғандардың біреуінің жағдайы ауыр.
БЕРІК ТӨЛЕУБАЕВ, Х.МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
“Бүгін науқас жеткізілді 35 пайыз күйігімен. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Жалпы енді 5 науқас бізде жатыр. Бәріне керек ем шаралар қолданып жатыр”.
Қарқаралы ауданында жедел желі іске қосылды. Әкімдік тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады. Павлодарда да жедел штаб жұмыс істеп тұр.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
Өртті жою жұмыстарын вице-министр жүзеге асыруда. Министрліктің күштері мен құралдарын дереу бағыттап, қосымша Абай, Ақмола және Астана құрылымдарының күштері оқиға орнына барды.
Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша, өрт Ресей Федерациясынан басталған. Қостанай облысының құтқарушылары Ресеймен шекарада тағы бір өртті ауыздықтағанын атап өтті. Дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында ол да тез оқшауланды.