Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде қоғамдық комиссия су тасқынынан келген шығынды есептеуге кірісті

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2017
  • 2756

Ақтөбеде құрылған комиссия су жүріп өткен аудандарды аралап, шығындарды есептеуге кірісіп кетті. Ал құжаттарын алып үлгермеген тұрғындарға халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қызмет көрсетіп жатыр. Жақсыбек Кемал Ақтөбедегі қазіргі жағдайды білді.

Ақтөбеде судың беті қайтты. Сондықтан қызыл судан зардап шеккендердің көбі үйлеріне барып, құжаттарының бар-жоғын тексеріп жатыр. Ал бүлінгендері оны қайта қалпына келтіру керек. Осыны ескерген Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары паналау бекеттеріне келіп, жұртқа тегін әрі жедел қызмет көрсетіп жатыр.

Самал Нұғыманова, облыстық ХҚКО директорының орынбасары:

«Халықтың жеке куәлігі, туу туралы куәлігі суға кеткен немесе киім арасында қалып қойған жағдайда, біз өзіміздің тарапымыздан сол мемлекеттік төлем ақыларын өзіміз төлеп, көмек көрсеттік. Бүгінгі таңда 20 шақты адам көмек алды».

Сексеннің сеңгіріндегі Ұштап әже - үйін су басып, уақытша паналау бекетіне алғаш боп келгендердің бірі. Денсаулығы аздап сыр берсе де, ауруханаға барғысы жоқ. Себебі осындағы дәрігерлердің көмегіне дән риза.

Жаңылсын Таубаева, №1 қалалық емхананың дәрігері:

«Олармен міндетті түрде психологтар жұмыс істеді. Күніне 60 шақты медпунктте көмек көрсетілді. Жалобамен келеді. Оның ішінде көбіне балалар жедел респираторлық аурулар, үлкен адамдарда артериялық қысым көтеріледі».

Зардап шеккендерге азық-түлік пен киім-кешек түріндегі көмек жан-жақтан келіп жатыр. Қызыл ай қоғамының еріктілері де осында. Олар тұрғындар үйлеріне барған соң, төсек-орындар мен ең қажетті деген дүниелерді таратпақ.

Нұрлан Үдербай,  облыстық Қызыл ай қоғамының директоры:

«Бұл зат ертең мына адамдар шығады. Барған кезде олардың жататын жерлері болмайды. Себебі бәрі суға кетті. Басқа жағдайлар бар. Сол себептен біз тізімін алып, категорияларға машинамен апарып таратамыз. 100 семьяға береміз. Ол да үлкен көмек».

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өңірде зардап шеккендерге көмек беру мақсатында ашылған есепшотқа қазірге дейін 5 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Көптің көмегі әлі қабылданады. Қоғамдық комиссия су жүріп өткен аумақтарды аралап, шығынды есептеуді бастап кетті.

Жақсыбек КЕМАЛ