Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын, отандық алма өндірісін дамыту үшін субсидиялар, жеңілдікті кредит беру түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қабылдануда, деп хабарлайды Astana TV.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда алма бойынша қамтамасыз ету 62,9%-дан (2019 ж.) 80% -ға (2023 ж.) дейін өсті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, фермерлер импорттық өндірушілер тарапынан демпингке ұшырауда, жоғары бәсекелестік отандық өндірушілердің рентабельділігін төмендетеді.
Егін жинау кезінде алма импорты қатар болғанда қазақстандық бағбандар өнімді өткізуде қиындықтарға тап болады, бұл олардың қаржылық жағдайын нашарлатады.
2024 жылдың 7 айында шамамен 107, 3 мың тонна алма импортталды (2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 58% -ға өсті). Негізгі импорт Польша, Иран, Өзбекстан, ҚХР-дан жүзеге асырылады. Бұл ретте импорттың өсуі Қытайдан импорттың 18 есе және Ираннан 7 есе өсуімен байланысты.
Осыған байланысты, отандық алма өндірісін қолдау және отандық өнімді өткізуді қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін автомобиль көлігімен үшінші елдерден алма (СЭҚТН коды: 080810) әкелуге тыйым салуды мақұлдады.
Алма әкелуге тыйым салу тек егін жинау кезеңінде ғана енгізілген, бұл отандық бағбандарға жиналған өнімді сақтауға және оны қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде алма импорты шектелмейді.
Шектеу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алма әкелуге және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық алма транзитіне әсер етпейді.
Бұйрық 2024 жылғы 8 қазанда күшіне енді.