Қызылорда облысында мектеп оқушысын өлтірген балаға қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мамыр айында Қызылорда облысында кісі өліміне қатысты дерек тіркелген болатын.
8 қазан күні 9-сынып оқушысының кеуде тұсынан ұрып өлтірген 10-сынып оқушыларына қатысты сот отырысы өтті.
Қазіргі таңда жоғары сыныптың оқушысы сотқа тартылды. Оларға Қылмыстық кодексінің “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” және “Бұзақылық” деген айып тағылды.
Шиелі ауданы Қодаманов ауылының 10-сынып оқушылары 9-сынып оқушыларын "сыйластық танытпады, амандаспады" деген сылтаумен оларды жазаламақ болып, қол көтерген. Сотталушылардың бірі тізіліп тұрған өзінен кіші балалардың бетінен ұрған.
“Сотталушы К жәбірленушінің кеуде тұсынан жұдырығымен қатты ұрған. Жәбірленушінің жүрегі рефлекторлы тоқтап, нәтижесінде ауыр дене жарақатынан мерт болды", – делінген сотта.
Сот шешімімен кәмелетке толмаған жасөспірім 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ал бұзақылық жасағаны үшін екі сотталушы тараптардың татуласуына байланысты жазадан құтылған.