Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында мал қорымы мен ветеринариялық пункттер тапшы

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2024
  • 127

Ақтөбе облысында типтік мал қорымдары мен ветеринариялық пункттер жетіспейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, өңірде 2022-2024 жылдарға арналған типтік мал қорымдарын салу жол картасына сәйкес 2022 жылдан бері қарай Қарғалы ауданында Қосестек, Әйтеке би ауданында Әйке, Құмқұдық, Хромтау ауданында Бөгетсай, Ырғыз ауданында Құрылыс, Алға ауданында Ақай, Есет батыр, Маржанбұлақ, Самбай, Тамды елді мекендерінде 10 типтік мал қорымын салуға қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген. Биыл тағы 14 мал қорымын салу жоспарланған. Алайда соның 4-еуіне ғана қаржы бөлініпті.

Қалған 10 типтік мал қорымының сметалық-жобалық құжаттарын жасақтау жұмыстарына қаржы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ биыл Ақтөбе облысы бойынша ауылдық округ орталықтарына салынатын 45 модульдік ветеринариялық пунктке жергілікті әкімдіктер тарапынан жер бөлу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Ырғыз ауданындағы Қызылжар, Мәртөк ауданындағы Жайсаң, Байторысай, Ойыл ауданындағы Көптоғай, Саралжын ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт ғимараттары бар. Алдағы уақытта облыс аумағында тағы 10 ветеринариялық пункт салу жоспарлануда, — дейді Айбек Сембай.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір облыстағы ірі ауылдарда мал ұрлығының алдын алу және эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында расколдар тұрғызылуда. Мәселен, бүгінге дейін бірқатар елді мекенде 132 раскол салынған. Алдағы уақытта 29 елді мекенде раскол салу жұмыстары ұйымдастырылмақ.

Бүгінде облыс бойынша 15 мал сою пункті және 17 мал сою алаңы бар. Мал сою пункттері тек Алға, Мұғалжар аудандарының орталығында жоқ, — дейді А.Сембай.