Русский Сайттың толық нұсқасы

40 доллар тұратын шоколадты кім алады?

Дубайлық шоколад десе көп адам қазір елең ете қалады. Соңғы кезде бұл тәтті тренд болған. Түпнұсқасын шетелден айлап күтіп, алатындар да бар. Тәттіқұмарлардың арқасында Біріккен Араб Әмірлігінде шоколад нарығы былтыр 736 миллион АҚШ долларға жетіпті. Бір түйірі-20 мың теңге тұрады. Бағасы қалтаны қағатын тәттіге жұрт неге құмар? Айдана Қайрат айтады. 

Дубайдың тәттісі тіл үйреді дегесін жарнамасын іздеп, желіне ақтардым. Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан демекші, бірден табыла кетті. Тапсырыс бердім.

АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:

Жеттім-ау. Жеттім-ау. Енді дәмін татқанша асығып тұрмын. Бірақ түрі тәбет ашатындай емес екен. Қазір дәмін көрейін.
Жұрт жанталасып алып, жарнамалап жатқасын қызығушылығым басым болып еді. Бірақ анау айтарлық 20 мың жұмсап алатындай дәмді сезбедім.

Томирис дубайлық шоколадты өзі дайындайды. 40-ақ минут уақыт кетеді дейді. Күніне кемінде 10 тапсырыс түседі.

ТОМИРИС САПАРҒАЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Шоколад жасағанда жержаңғақ қосамыз. 40 градуста әзірленеді. Ең бастысы қытырлақ болып шығуы тиіс.

Ал Дубайда шоколадтың құны - 40 доллар. Бұл жергілікті тұрғандар үшін тиын-тебен ғана. Бірақ, туристер оны 20 мың теңгеге қиналмай сатып алады. Осы арқылы өзге елдің экономикасын көтерудеміз.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Мемлекеттің дамуы тек шикізатпен емес, осындай бір қарапайым ғана өнімдермен, қандай да бір қызметтермен ерекшеленуі керек. Сол үшін Қазақстанға да осындай брендтік өнімнің қажеттілігі көрініп тұр.

Бұл жерден туындайтын сұрақ шоколад неге сұраныстан түспей келеді? Маркетолог маман Еңлік Сатжан айтуынша, бұл оның тек өзіне ғана тән ерекшелігінде.

ЕҢЛІК САТЖАН, МАРКЕТОЛОГ:

Клубника в шоколаде десеңіз оны екінің бірі жасай алады. Ал, бұндай шоколадты олар өздері жасағаннан кейін уникальный. Кез-келген товар, бренд ашқысы келетін адамға менің айтатыным уникальностьқа үлкен мән беру керек.

Дубай деген сөзді естігенде ойымызға бірден байлық, ақша келсе, шоколад сөзі тәттіге деген құмарлықты оятып, түпсанаға ерекше әсер ететін көрінеді.

БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Дәмінің белгісіздігі бұл адамдырды сол шоколадты сатып алуға талпындырады. Өнімді сатып алу арқылы мен баймын, сатып алуға мүмкіндігім жетеді деген адамның ішіндегі өзіндік «менді» жоғарылатады.

Тәтті жегенді кім жақсы көрмейді. Дегенмен қаржылық сауаттылықты да ұмытпаған жөн деп мамандар кеңес береді.