Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда алғаш рет науқас жүрегіне MitraClip жүйесімен ота жасалды

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2024
  • 155

Алматыда алғаш рет MitraClip жүйесімен бірегей операция жасалды. Ашық хирургиялық отаны көтере алмайтын пациенттер үшін жүрек жұмысын жақсартудың жалғыз мүмкіндігі саналатын әдіс бүгінде жетекші еуропалық емханаларда нәтижесін дәлелдеген. Осыған дейін Астанада ғана өткізіліп келген операция енді Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында да қолжетімді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

72 жастағы алматылық Валентина Петунина ұзақ жылдар бойы жоғары қан қысымы мен митралдық жетіспеушіліктен зардап шегіп келген. 2 жыл бұрын миокард инфарктісін бастан өткеріп, демікпе ауруы өршіп, жағдайы нашарлай түскен. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына келгенде дертінің асқынып кеткені мен қосымша патологиясынан оған ашық хирургиялық операция жасау қауіпті болған. Содан науқасқа Алматыда алғаш болып MitraClip техникасының көмегімен ота жасалды. Аз инвазивті тәсіл жүрек жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Мен бұл жерге тым ауыр халде келдім. Демалуым, жүруім қиындап кеткен еді. Екі қадам жасасам, шаршап қалатынмын. Отадан кейін бірден оңалып кеттім. Осыған дейін қанша емханаларға барсам да, олар менің нақты диагнозымды таппай қойған. Сондықтан дәрігерлерге алғысым шексіз», - деді науқас Валентина Петунина.

Операция швейцариялық профессор Маурицио Тарамассо басшылығымен және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының интервенциялық кардиологы Марат Әріповпен бірлесіп жүргізілді. Мұндай отадан соң науқастың өмір сүру сапасы едәуір жақсарып, демігуі азаяды. Физикалық төзімділігі артып, медициналық көмекке жүгіну жиілігі төмендейді дейді мамандар.

«Митралды қақпақша екі жармалы, сол екі жарманы қысып, сол жерге клипті орнатамыз. Сол кезде қанның кері қайтуы азаяды. Сосын пациент операциядан оянғаннан кейін жағдайы жақсарғанын сезді», - деді интервенциялық кардиолог Алмат Қалжанов.

Импланттың қымбат болуына қарамастан, мемлекет қаржыландыруымен бұл операция қазақстандықтарға тегін жасалады. Мұндай отадан кейін пациенттер тез сауығып, аз уақытта үйге шығарылады.

«Біз бұл әдіспен емдеу әрі қарай да дами береді деп сенеміз. Мұндай ота түріне оңтүстік өңірде де сұраныс жоғары. Бұл бір жағынан, елде қан айналымы жүйесі ауруларынан туындайтын өлім көрсеткішін азайтуға да сеп болады. Бастысы, науқастарға отаны ақысыз жасауға мүмкіндік туады», - деді рентген-эндоваскулярлық операциялық блоктың меңгерушісі Алексей Колесников.

MitraClip құрылғысы Еуропаның жетекші клиникаларында өзін дәлелдеп үлгерді. 2020 жылы үздік медициналық технология Prix Galien USA сыйлығына ие болды.