Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектеп оқушылары арасында қылмыс саны 93%-ке көбейген

Мектеп оқушылары арасында қылмыс саны 93 процентке көбейген. Депутат Дархан Қыдырәлі Сенат отырысында ел тұрғындарының үштен бірін құрайтын жастар мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Ол танымал сериалдар арқылы агрессияның насихатталуы қатыгездікті өршітетінін айтты. «Ал әлеуметтік желіде кең тараған ойындар жастардың танымы мен талғамын ғана емес, таңдауы мен тағдырын қалыптастырады»,- дейді. Сөзінше, жастар мәселесі түрлі министрліктердің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. 5 облыста ғана арнайы жастар саясаты басқармасы бар. Сол себепті Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Дархан Қыдырәлі мектеп инспекторларын көбейту, балалар мен жастар контентіне баса назар аудару, жастар ресурстық орталықтарының қаржылық жағдайын жақсарту сияқты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. 

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Кеше ғана Ақтауда желіккен топтың төбелесі желіде тарады. Ал Талғардағы жантүршігерлік оқиғада еліріп алғандар бір шөлмек сыраға бола 16 жасар Шерзатты өлтіріп кетті. Адам өмірі осыншама құнсыз болғаны ма? Мұндайда жазаны бір адамның мойнына ілмей, оқиғаға қатысы бар қаныпезердің бәрі жазалануы тиіс деп ойлаймыз.