Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде жол апатына ұшырап өз жақындарынан айырылған жүргізуші бес жылға сотталды

Ақтөбеде бір отбасыдан бес адам қаза тапқан жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Көлік тізгіндеген жүргізуші бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сондай-ақ жеті жыл мерзімге көлік құралын басқар алмайды. Бұл қайғылы оқиға тамыз айының соңында Самара-Шымкент тас жолында орын алды. Ақтөбе қаласынан шығып Ойыл ауданын бет алған «Volkswagen Polo» автокөлігі қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Кейін белгілі болғандай, жеңіл көліктің дөңгелегі жарылып, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Бұл жол апатында тек жүргізуші аман қалып, көлікте болған ата-анасы мен үш кішкентай бауырлары қаза тапты. Жақындарынан айырылған 28 жастағы жігіт бүгін сотта соңғы сөзін айтып, болған іс үшін қатты өкінетіндігін жеткізді. Сотталушы бұған дейін Хромтау аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген. Сондықтанда болар бүгінгі сот процессіне оның әріптестері қатысты. Он екі аудандық полиция бөлімі қызметкерлері сотты онлайн тыңдады. Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. 

ҒАБИТ РҮСТЕМОВ, ҚОРҒАУШЫ:

Ағасы кешірім берді. Бас бостандығынан айырмауды сұрады. Өзі өтініпте сұрады соттан бас бостандығынан айырмаңызшы. Мен бауырларымнан, әке-шешемнен айырылып қалдым. Осы бауырымнан айырмаңдаршы деп сұрады. Жәбірленушілердің кешірімі бар.

АЛТЫНБЕК САБЫРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Сот үкім етті. Қыдыров Ілияс Інкәрбекұлы Қылмыстық кодекстің 345 бабы 4 тармағымен кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қыдыровқа жазасын өтеу қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде тағайындалсын.