Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қазақ-түрікмен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ", - Президент

Қазақ-түрікмен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ. Мемлекет басшысы «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумда осылай деді. Бүгінде бауырлас елдің беделі халықаралық аренада өркендей түсті. Бұған іргелес елдің ұстанған тұрақты бейтараптық саясаты себеп. Жиында тағы не айтылды? Әріптесім Сүндет Оралбек тарқатады.

Президент Түрікменстанға ресми сапарының екінші күнін ақын Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен халықаралық форумға қатысумен бастады. Жиында 10-ға тарта мемлекеттің басшылары сөз сөйледі. Отырыстың мұндай ауқымды болуы тек емес. Себебі, түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаған тұлғаның әр шығармасы терең гуманистік ойларға толы. Еңбегінің қай-қайсысы болмасын бейбітшілік пен өзара сенім мен құрмет секілді мызғымас құндылықтарды дәріптейді. Дүйім жұртты ынтымақта өмір сүруге шақырады. Ұлы ойшылдың рухани мұрасы қазіргі аумалы төкпелі заманда өте өзекті бола түсті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мақтымқұлы Пырағы – әлем руханиятында орны бар тарихи тұлға. Сондықтан ЮНЕСКО ақын мұраларын «Әлем жады» атты халықаралық тізімге енгізген. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны әрі ойшылы Мақтымқұлы Пырағы жылы» деп жариялады. Бұл – барша түркі жұртының ерекше сый-құрметі екені сөзсіз.

Осы жазда Астанада Махтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды. Бұл ұлы ойшылдың мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашатын және мәдени дипломатияны дамытатын бастама. Күні кеше Ашхабадта салтанатты түрде лентасы қиылған Абай Құнанбайұлының ескерткіші екі елдің тату көрші екенін айғақтайтын символ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олардың рухани мұрасы екі елдің сан қырлы мәдениетін байытып, барша адамзаттың ортақ құндылығына айналды. Қазақ-түрікмен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ. Достығымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Осы мызғымас құндылықтардың негізінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық белсенді дамуда.

Бүгінде бауырлас жұрт бейтараптық саясатын берік ұстанып келеді. Осы арқылы ұлттың бірегейлігін сақтап, елдің мүддесін қорғауда. Табанды саясаттың арқасында Түрікменстанның халықаралық деңгейдегі абырой-беделі арта түсті. Келер жылы бұл қағидатқа 30 жыл толады. Бейтараптықтың арқасында іргелес ел әлем қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға зор үлес қосуда.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялады. Бұл игі бастаманы Түрікменстан елі көтерді. Мақтымқұлы түрікмен жұртының іргелі ел болуын аңсап өтті. Бүгінде ұлы бабаның арманы ақиқатқа айналды.

Иә, Түрікменстан өсіп-өркендеген мықты мемлекет. Мұны мінберде сөйлеген өзге де Президенттер қолдады.