Павлодарда 9 қабатты үйлер салуға болмайды. Бірақ, бұған құлақ аспаған шенділер көп қабатты баспана тұрғызуға рұқсат берген. Қаланың бас жоспарына сәйкес бірқатар шағын аудандарында 5 қабаттан жоғары ғимарат салуға тыйым салынған. Соған қарамастан құрылыс компаниялары жаппай үй салуға кірісіп кетіпті. Павлодар қалалық прокурорының талап арызы бойынша жергілікті атқарушы органның актісі сот тәртібімен заңсыз деп танылды. Құжаттың күші жойылды. Ал қаланың бас сәулетшісі қызметінен босатылды.
ДАРХАН ӘМЕТАЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
2023 жылдың 30 қарашасында Павлодар қаласының әкімдігі ауданы 364 га болатын 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер салу мүмкіндігі туралы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекіткен еді. Аталмыш құрылыс туралы құжат бас жоспар талаптарына сай келмеді. Бұл нысандар 4-5 қабаттан жоғары болмауы керек. Прокурор талабы бойынша жергілікті атқарушы органның актісі заңсыз болып танылды. Күші жойылды.